Тарифтерді өзгерту жалғаса береді – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында тұрғын үй-шаруашылық саласындағы тарифтерді өсіру қажеттігін айтты.

− Бұл - халықты толғандыратын өте өзекті мәселе. Тарифтердің өсуі еш тоқтатылған жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып айтқым келеді: алдағы уақытта да тарифтер өсе береді. Бұл – ауыр әрі жағымсыз тақырып, бірақ Үкімет бұл туралы ашық айтып отыр және тарифтерді нарықтық деңгейге жеткізу саясатын жүргізіп жатыр, − деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, тарифтер ұзақ уақыт бойы қатты реттеліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа инвестиция салуға мүмкіндік бермеген жағдай 2022-2023 жылдары Екібастұзда, Риддерде болған апаттарға әкеп соқты.
− Егер қыста үйіміз жылы болып, жарық, су және өзге де инженерлік желілер дұрыс жұмыс істегенін қаласақ, онда тарифтерді көтеру жолымен жүруіміз керек. «Тарифтер өсуі уақытша тоқтатылды» деген сөз – тек инфляцияға түсетін қысымды азайту үшін олардың өсу қарқынын қайта қарастырдық дегенді білдіреді. Жалпы алғанда, бұл саясат жалғаса береді, − деді О. Бектенов.
Айта кетейік, бүгін Үкіметте биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралып жатыр. Қазақстан экономикасы 6 айда 6,2 пайыз өсім көрсеткен.