Тарихи орындарды ЮНЕСКО тізіміне енгізуді пысықтау керек – Алтай Көлгінов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тарихи мұраларымыз ЮНЕСКО деңгейінде дәріптелуіне назар аудару керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қазақстандық мәдениеттің халықаралық аренада танымал болуына бағытталған шараларды іске асыруды тапсырды. Осыған сәйкес ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне еліміздің тарихи орындарын, материалдық емес мұраларымызды енгізу жұмыстары жан-жақты пысықталуы тиіс. Халқымыз өнер мен мәдениеттің қайталанбас, айрықша үлгілеріне (ауыз әдебиеті, күй, айтыс, ою-өрнек, эпостық жырлар, ұлттық спорт түрлері секілді ) бай екені белгілі. Еліміздің аумағында тарихта өшпес із қалдырған маңызды қалалар болғаны ақиқат», - деді А. Көлгінов Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісінде.

Оның пайымынша, осы мұраларымыз мұқият зерделеніп, ЮНЕСКО деңгейінде дәріптелуі, Қазақстанның біртұтас мәдени моделінің үлгісі ретінде әлемге танылуы маңызды міндет.

«Министрлік осы жұмыстарды Ғылым, Ақпарат, Сыртқы істер министрліктерімен бірлесе ұйымдастыруы тиіс», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алтай Көлгінов жауапты ведомствоға мәдениет саясатының жаңа тұжырымдамасын бекітуге қатысты тапсырма берді.

2022 жылдың соңында қазақ мәдени мұрасының екі жаңа элементі ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұрасының тізіміне енгізілді.


Соңғы жаңалықтар