Тәртіп сақшылары ақтөбеліктерді көктайғақ кезінде сақ болуға шақырды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Алдағы күндері Ақтөбеде көктайғақ болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Синоптиктердің хабарлауынша, Ақтөбе облысында жауын-шашын болып, арты көктайғаққа ұласады.
«Ақтөбе облысында 19 наурызда тұман, көктайғақ болады. 20-21 наурыз күндері түнде кей жерлерде жауын-шашынды, күндіз жаңбыр жауып, тұман, көктайғақ болады. Желдің бағыты шығыстан солтүстік батысқа ауысады. Күші секундына 7-12 метрге жетеді. Күндіз 2-7, кей жерлерде 10 градус жылы болады», - деді инженер-синоптик Индира Қаниева.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті де көктайғақ кезінде жүргізушілерді сақ болуға шақырды.
«Ауа райына байланысты жолда сақ жүріп, жылдамдықты асырмауға, күрт бұрылмауға кеңес береміз. Сонымен қатар, ара қашықтықты сақтаған дұрыс. Жаяу жүргіншілер де көктайғақ кезінде сақ болуы керек. Биік ғимаратқа жақын жүрмеген жөн», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.