Tartyl Fest: Ақтөбелік спортшы финалда жеңіске жетсе, анасына көлік сыйламақ
Қанат Бекбауов қазір жас спортшылардың жаттықтырушысы. Мектептен шыға сала спорт кешеніне асығатын оқушыларды үлкен өмірге бейімдеп жүрген бапкер кеше ғана облыстық жарысқа барып, өзі жаттықтырып жүрген балаларды шыңдай түсті.
Үйіне оралған бойда алдағы жоспарымен, мақсатымен бөлісті. Кішкентайынан спортқа біртабан жақын болған кейіпкеріміздің негізгі мамандығы - тарихшы.
Тіпті бірнеше жыл мектепте тарих пәнінен сабақ та берді.
«Мұғалжар ауданында өмірге келдім. №7 Ембі қалалық орта мектебінде оқыдым. Орта мектепті тәмамдаған соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Қолыма диплом алған соң Ембідегі №1 мектепте тарих пәнінен сабақ бердім. Кейін Ембі қаласындағы ағайынды Жұбановтар музейінде еңбек еттім. Қайта оқуды жөн көріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорт факультетіне түстім. Екі жылда диплом алып, жұмысымды ауыстырдым. Қазір спорт мектебінде гір көтеруден сабақ беремін. Мамандық ауыстырудың өз себебі бар. Мектепте ер адамдар аз, қағазбастылық көп. Бірақ бала күндердегі арманым басым болған секілді. Қайта айналып, өзім қалаған, армандаған саламды таптым», - деді Қанат Бекбауов.
Ембі қаласының тумасы оқушы кезінде спорт кешендері болмағанын, бірақ сонда да мектептің спорт залында жүріп-ақ осы саланың қыр-сырына қаныққанын айтты. Боксты таңдап, рингке де шықты. Гір көтеріп, тоқтамға келді. Қазір өзі жаттықтырушы әрі спортшы. Барлығы 24 баланы тәрбиелейді.
«Өзім гір көтеру, қол күресі, турникке тартылумен айналысамын. Оқушыларымды да осыған бейімдеймін. Пауэрлифтингтен кеше ғана жарысқа қатысып келдік. Екі спортшының бірі бірінші, екіншісі үшінші орын алды. Өзім де бақ сынап, екінші орынды иелендім. Ал Tartyl Fest туралы айтар болсам, жарыс туралы 15-шілде күні естідім. Жарыс 9-тамыз күні болды. 31-рет турникке тартылдым. 18-30 жас аралығы 65-80 келі салмағы категориясында үздік шықтым. Республикалық кезеңге дайындығым жақсы. Мен қатысатын категорияның рекорды 50 екен. Яғни, турникке 50 рет тартылған. Өзім жаттықтырушымын, өзім спортшымын. Сондықтан балалармен бірге жаттығамын. Сол жерде кешкі сағат 21:00-ге дейін жүремін. Бұл жарыс өтті сәтті ұйыдастырылған. Екінің бірі турникке тартыла алмайтынын білеміз. Адамның бұлшық еті мықты шымыр болуы керек. Үлкен мотивация болып, қазір кішкентай балалар да турникке тартылып жүр. Биыл ұйымдастырылса қатысамын деп құлшынып жүргендер көп. Осылайша біз спортты дамытамыз», - деді спортшы.
Ембі қаласында қазір екі спорт мектебі бар. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне бар жағдай жасалған. Үйірмелерді таңдауда шектеу қойылмайды. Бірі ұнамаса екіншісін таңдайды. Ал бір салаға деп қойғаны түрлі жарысқа қатысып, шеберлігін шыңдайды.
«Чемпион болу міндет емес, адам болу парыз. Спорт - тәрбиенің көзі. Ол ортаға үйренеді, жығылып, қайта тұруға машықтанады. Мақсатым жақсы спортшы ғана емес, мақтан болар адам тәрбиелеу», - деді ол.
Қанат Бекбауов - үйдің кенжесі. Апасы, ағасы бар. Өзі анасымен бірге тұрады. Бар арманы – анасын бақытты ету.
«Ана бар сыйға лайық. Маған көлік туралы айтқан емес, бірақ өзім осындай сый жасағым келеді», -деді ол.
Спортшы –жеті қырлы жігіт. Оқушы кезінде саз мектебіндегі домбыра үйірмесіне қатысқан. Сәлима Алдабергенқызынан бес жыл бойы дәріс алған. Қазір Ембі оркестрінің мүшесі. Кез келген мәдени шараға қатысады.
«Ағайынды Жұбановтар мекенінде дүниеге келген адам домбыра тарта білуі керек деп ойлаймын. Қызығып, үйренгенмін. Қазір мақтан етемін. Сонымен бірге тарих саласы да қызықтырады», - деді Қ.Бекбауов.
Айта кетейік, Қанат Бекбауов әртүрлі жылдары Мұғалжар аудандық халық ойындарында гір көтеруден, гір спортынан облыстық чемпионатта гір көтеруден, классикалық және экипировкалық, жатып сығымдап көтеруден ерлер және әйелдер арасында өткен облыстық чемпионтта зілтемір көтеруден, облыстық гір спорты ұзын цикл түрінен өткен чемпионатта гір көтеруден бірінші және екінші орындарды иеленген. Әлі талай белесті бағындырмақ ниетте.