Ташкентте ауа сапасы нашарлап барады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Кейінгі екі аптаға жуық уақыт ішінде Ташкенттегі ауа сапасы күрт нашарлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Бұл күндері қаланың аспанын тұманға ұқсас тұтас шаң көмкерді. Атап айтқанда, бүгін ауаның ластануы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен стандарттан 29,4 есе асып түсті. Әлеуметтік желі қолданушылары да шаһардың ауасымен тыныстау бас ауру және әлсіздікке себеп болып жатқанын жазған.

Бұл ретте 25 қарашада елдің Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындардың ұялы телефондарына хабарлама жолдады. Онда ведомство қаладағы шаңнан ЖРВИ-дің өршуі мүмкін екенін мәлімдеп, одан сақтану мақсатында көшеде және адамдар көп жиналатын орындарда медициналық бетперде тағуды ұсынды.
Экологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Өзбекстан билігі шұғыл шаралар қабылдауға кірісті. Яғни, бүгін ел президенті Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен Ташкенттегі ауа сапасын жақсарту бағытындағы жобаларды іске асыратын арнайы комиссия құрылды.
Комиссия шаһарды шаң басқан уақыттарда кәсіпорындардың, жылумен жабдықтау мекемелерінің жұмысын тоқтатып, көлік қозғалысына шектеу енгізуге уәкілетті. Сондай-ақ, ол жүк көліктерінің Ташкентке кіруіне уақытша тыйым салу, темір тұлпарлардың қалада жұп және тақ күндер бойынша жүру тәртібін айқындайды.
Жарлыққа сәйкес, комиссия жылыжайлар мен ауаны ластайтын өзге де нысандардың жұмысын уақытша немесе толық тоқтатуға құқылы. Мұнымен бірге, Ташкенттен тыс жерге көшіру қажет деп танылған кәсіпорындар мен өнеркәсіптік аймақтар анықталады.
Шаңды басатын құрылғыларды пайдалану міндетті болады, тиісінше құрылыс жұмыстарына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізіледі. Өзен, арна мен арықтардың бойына ғимарат тұрғызуға тыйым салынады. Сонымен қатар, күз және көктем мезгілдерінде қаладағы ағаштар мен көшеттерді жуу жұмысы жүргізіледі.
Шавкат Мирзиёев экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған аталған шаралар легін 2026 жылдың 1 наурызына дейін іске асыруды тапсырды.
Жарлықта қамтылған тағы бір маңызды жоба – Ташкенттің айналасындағы барлық жылыжайларды газға көшіру. Бұл тапсырманы орындау үшін кәсіпкерлер Энергетика министрлігімен бір апта ішінде келісімшарт жасауы тиіс. Көктем, жазда жеке және заңды тұлғаларға ағашты ауыз сумен суару шектеледі, бұған қоса үйге арналған ауа тазартқыш құрылғыларының импортына салынатын баж салығы алынып тасталады.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның Экология және климаттың өзгеруі ұлттық комитеті өнеркәсіптік кәсіпорындардан 1 желтоқсанға дейін ауаны ластайтын шығарындыларды екі есе азайтуды талап етті. Мұнымен бірге жауапты ведомство бірнеше күн бұрын бас шаһардағы субұрқақтарды қайта іске қосты. Сонымен қатар, көшелерге арнайы көліктермен су шашып, шаңды басу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанның ірі қалаларында қоршаған ортаға залал келтіретін кәсіпорындарды ашуға тыйым салынады. Мұнымен бірге, ел үкіметі қаладағы ірі кәсіпорындарды шет аймақтарға көшіреді.