Тасқыннан зардап шеккен өңір түлектеріне 12 мың білім гранты арнайы бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен 6 өңір түлектері ҰБТ-дан төмен балл алған жағдайда, грант алу үшін қаңтар-наурыз айларындағы ҰБТ нәтижелерін пайдалана алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді.

ҰБТ
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

16 мамырда еліміздің 14 өңірінде ҰБТ-ның негізгі кезеңі басталды, бес күнде 12 мыңнан астам талапкер тестілеуден өтті.

«Тасқын судан зардап шеккен өңір түлектері үшін үш маңызды шара қабылдадық. Біріншісі – негізгі ҰБТ мерзімі кейінге шегерілді, бұл аймақтарда 25 мамыр мен 12 шілде күндері өтеді, яғни 47 күн беріп отырмыз. Екіншісі – биылғы мемлекеттік тапсырыстың 20 пайызын – 12 мың грантты арнайы зардап шеккен өңірлерге бөліп отырмыз», - деді С. Нұрбек Үкімет отырысында.

Үшінші маңызды шешім – су тасқынынан зардап шеккен 6 өңірде негізгі ҰБТ-дан төмен балл алған жағдайда оларға қаңтар-наурыз айларындағы ҰБТ нәтижелерін қолдануға мүмкіндік беріледі.

«Бұл шешімдер тек қана биыл төтенше жағдайды ескере отырып қабылданды», - деп ескертті Ғылым министрі.

Соңғы жаңалықтар