Тасқыннан жапа шеккен ақтөбеліктерге қоғамдық қор арқылы көмек беріліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде «Қамқор — Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры су тасқыны кезінде зардап шеккен, алайда мүлкінің құжаты жоқ адамдарға көмек көрсете бастады. Бүгінге дейін оларға 49 млн теңге аударылды.

Биыл сәуір айында жұмысын бастаған қорға бүгінге дейін 800 млн теңгеге жуық қаржы жиналды.
Қорға өңірдегі ірі компаниялармен қатар мемлекеттік мекеме қызметкерлері бір күндік жалақысын аударды. Сонымен бірге қарапайым ақтөбеліктер де ақша берді.
Қазіргі кезде қор алғашқы отырысын өткізіп, су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіліп жатыр.
— Қорға 800 млн теңгеге жуық қаржы түсті. Қазіргі кезде 10-нан астам адамға 49 млн теңге аударылды. Мұнда бау-бақша ұжымдарында тұратын, үйіне су кірген, алайда құжаты жоқ немесе түгел емес адамдардың өтініші түседі. Ақтөбе қаласы Астана ауданы бойынша бір отбасына көмек көрсетілді. Ал Алматы ауданы бойынша 10-нан астам адамның өтініші қанағаттандырылды. Кейбірі су тасқыны кезінде зардап шектім деп айтқанымен, тексергенде ол үйде мүлде тұрмаған, өзге баспанасы бар болып шықты. Оның өтініші қанағаттандырылмады, — дейді «Қамқор — Ақтөбе 2024» қоғамдық қорының мүшесі Жаңалық Ахаш.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 4700-ге жуық үйге су кірді.
Оның 3 мыңнан астамы саяжайда орналасқан.
Қазіргі кезде Ырғыз ауданында тасқынға қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр.
Мұнды Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарындағы бөгетті бекіту жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі мен әскерилер, ауыл тұрғындары жұмылдырылған.