Тау-кен кешені: 3,5 трлн теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Өткен жылы тау-кен кешені саласына құйылған инвестиция көлемі 12%-ға өсіп, 3,6 млрд АҚШ долларына жетті.

Саланың дамуы туралы толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтып берді.
— Бүгін біз жаһандық шикізат нарығындағы қарқынды өзгерістер жағдайында жиналып отырмыз. Сұраныс пен нақты өндіру көлемі арасындағы алшақтық байқалып отыр. Кендегі металл үлесі азайып, негізгі компоненттерге қол жеткізу барған сайын саясиланып бара жатыр. Біздің еліміз үшін тау-кен металлургия кешені экономикалық өсудің тірегіне айналып, ел экономикасына қомақты үлес қосып отыр. Бұл жұмыс орындарын ашуға, өңірлерді дамытуға, инвестиция тартуға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді, — деді Иран Шархан елордада өтіп жатқан 15-і халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.

Министр орынбасары келтірген статистикаға сүйенсек, 2024 жылы тау-кен кешенінің ЖІӨ-дегі (жалпы ішкі өнім) үлесі 8%-ды құрап, өндірілген өнім көлемі 14,3 трлн теңгеден асты.
— Инвестиция көлемі 12%-ға өсіп, 3,6 млрд АҚШ долларына жетті. Өнім экспорты 21,4 млрд АҚШ долларын құрады. Жақын арада жалпы құны 3,5 трлн теңгеден асатын 5 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 8 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштер саланың жоғары даму деңгейін және оның әлемдік экономикамен тығыз ықпалдасқанын көрсетіп отыр, — дейді вице-министр.

Айта кетейік, елордада халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Оған әлемнің 20 елінен 1300 делегат қатысып жатыр.