Тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санатынан шығару керек – агенттік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Тауар биржаларын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санатынан шығару орынды. Мұндай бастаманы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санатынан шығару керек – агенттік

Агенттіктен атап өткендей, келер жылға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне барып тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған. Бұл шара әсіресе микро бизнеске жағдай жасау мақсатында енгізілді.

«Алайда, қазір жұмыс істеп тұрған тауар биржаларының көпшілігі 2010 жылы құрылған. Мәселен, былтыр олардың орташа жылдық табысы 250 млн теңгеден асты. Кәсіпкерлік субъектілерін белгіленген санаттарға жатқызудың қолданыстағы критерийлері тауар биржаларына жүрмейді. Атап айтқанда, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекеттік қолдау көрсету және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсатында екі өлшем пайдаланылады: жұмыскерлердің орташа жылдық саны және орташа жылдық табыс. Қызметкерлердің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын жағдайда тауар биржасында жасалатын мәмілелер сомасы ондаған миллиард теңгені құрайды. Бұл ретте жылдық орташа табыс 30 000 АЕК-тен асуы мүмкін», - делінген құжатта.

Агенттік мәліметінше, тауар биржасында жасалатын мәмілелер бойынша көбінің жылдық табысы беллігенген мөлшерден бірнеше есе асып кетіп жатады.

«Мысалы, «Эстау» тауар биржасы» АҚ-ның қаржылық есептілігінен көрініп тұрғандай, қызметкерлер саны 7 бірлік болғанда, бір жыл ішінде таза пайда шамамен 200 млн теңгені (65 000 АЕК-тен астам) құрады. Бұл ретте, Астана қаласы Есіл ауданының прокуратурасы тексеру жүргізіп, тауар биржасының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіні және лицензиялау нормаларының бұзылғанын анықтады. Былтырдан бері тауар биржалары қызметінің заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 12 субъектінің лицензиясы тоқтатылды», - деп жазылған консультативтік құжатта.

Бұл мәселенің шешу жолы ретінде агенттік тауар биржаларын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері санатынан шығаруды ұсынып отыр.

«Тауар биржаларын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері санатынан шығару - мораторий ұзартылған немесе болашақта шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайларды жақсарту шеңберінде тексеру іс-шараларын жүргізуге мораторий енгізілген жағдайда да, белгісіз адамдар тобының мүдделерін уақтылы жолын кесуге және қорғауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірме берген шешімге.

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14698103