Тауарды таңбалаудың маңыздылығын кәсіпкерлерге түсіндіру жұмысы жүргізілмей отыр — Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов сауда саласын техникалық реттеу мәселесін көтерді.

— Кәсіпкерлер сертификаттау рәсімінің ашық еместігі мен қағаз кейбір құжаттың қайталанатынын айтып жатыр. Бұл мәселені сертификаттау, аккредиттеу және стандарттау тетігін жаңғыртуға бағытталған техникалық реттеу жүйесі шешуге тиіс. Осыған байланысты сауда, қаржы және цифрландыру министрлігі жыл соңына дейін Е-ТРМК жүйесін салалық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялауды қамтамасыз етуі қажет, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысының айтуынша, тауарларды таңбалауды енгізу мәселесіне қатысты бизнес тарапының сұрағы көп.
— Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы ішкі нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Меніңше, сауда министрлігі тарапынан таңбалаудың маңыздылығы мен оң әсері туралы кәсіпкерлерге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру науқанын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыру керек, — дейді ол.
Сондай-ақ елімізде азық-түлік ваучері пилоттық жобасы іске қосылады.
Айта кетейік, елімізде жаңа сауда маркетплейсін іске қосу пысықталып жатыр.