Таудағы апаттардың алдын алу үшін жасөспірімдерге дұрыс бағыт беру керек
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың басынан 20 тамызға дейін құтқарушылар таулы аймақтарда 291 іздестіру-құтқару операциясын жүргізіп, 396 адамды, оның ішінде 77 баланы аман алып қалды. Осы кезеңде тауда 10 адам қаза тапқан.
Таулы аймақтардағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты тәжірибелі альпинист, 2-дәрежелі нұсқаушы Аманжол Рахметов Jibek Joly телеарнасының Бүгін Live бағдарламасында пікір білдірді.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары жастар арасында альпинизмге қызығушылық айтарлықтай артқан. Бұған әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбалар әсер етіп отыр.
— Кей жастар арнайы дайындықсыз, маршрутты білмей тауға шығады. Ал альпинизмде туристік және альпинистік маршруттар бар. Таулы аймақтарда 1В-дан 6В-ға дейінгі категориялық шыңдар кездеседі. Соларды білмеу мен дайындықтың жоқтығы қайғылы жағдайларға әкеліп жатыр, — деді ол.
Сондай-ақ Аманжол Рахметов әлеуметтік желілерде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, арнайы каска мен жабдықсыз шыңға шығуды насихаттайтын видеолардың көбеюі жасөспірімдерге кері әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, физикалық және техникалық дайындық деңгейінің әртүрлі болуы да қауіптің артуына себеп.
Маман альпинизм — спорт түрі екенін және жастардың оған қызығушылығы құптарлық екенін айта отырып, басты міндет оларды арнайы секциялар арқылы үйретіп, дұрыс бағыт-бағдар беру екенін жеткізді.
Таулы аймаққа шығар алдында сақталуы тиіс негізгі қауіпсіздік шараларына да тоқталды.
— Көктемгі қар көшкіні кезеңінде тауға бармаған жөн. Үйден шығар алдында қай маршрутқа, кіммен және қанша уақытқа кетіп бара жатқаныңыз туралы жақындарыңызға міндетті түрде ақпарат қалдыру керек. Ауа райына сай киіну маңызды. Ал альпинистік маршруттарға гидсіз шықпау қажет, — деді нұсқаушы.
Сонымен қатар ол тауда ауа райының күрт өзгеруі жиі кездесетінін ескертті.
— Тұман түскен жағдайда бір жерде тоқтап, ауа райының жақсаруын күткен дұрыс. Байланыс барлық жерде бола бермейді, сондықтан қай жерде байланыс ұстайтынын алдын ала білу керек. Құтқару қызметінің нөмірі міндетті түрде болуы тиіс, — деп түйіндеді Аманжол Рахметов.
Еске салсақ, Алматы тауларында жоғалып кеткен қыздың мәйіті табылды.
Сонымен қатар, құтқарушылар теңіз деңгейінен шамамен 3 700 метр биіктікте орналасқан «Локомотив» шыңы маңынан екі адамның мәйітін тапты.