Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ақтөбе - жасыл қала» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров шараға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 23 жылдығымен құттықтап, ақтөбеліктердің аймақ пен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесін атап өтті. Бұл күні облыс пен қаланың гүлденуіне үлес қосқан ақтөбеліктер алғыс хаттарға ие болды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ақтөбе - жасыл қала» қалалық байқауы және «Таза қала сенен басталады» шарасы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ерхан Омаров жеңімпаздарға «2014 жылдың ауласы», «Жасыл қала» және «Менің үйім - қаладағы үздігі» аталымдарында дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Жыл бойы жүргізілген «Таза қала өзіңнен басталады» шарасының қортындысы бойынша оның ең белсенді қатысушысы Руслан Бөгембаев сыйлыққа планшет алды.