«Тәуелсіздік монументіне» қатысты даудан соң ақтөбеліктер ойын алаңын тегін пайдаланбақ
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Тәуелсіздік монументіне» қатысты даудан соң сот «сүріп тастау» туралы шешім шығарды. Қазіргі уақытта бұл алаңды көгалдандыру, абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал бұған дейін ақылы болған ойын алаңы балаларға тегін берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласының бас даңғылында орналасқан «Тәуелсіздік монументінің» көшірмесі заңсыз орнатылған деп қалалық әкімдік кәсіпкерді сотқа берген болатын . Сот шешімі шығып, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі металды құрастырманың құлап қалуы мүмкін екеніналға тартты . Алайда ақтөбеліктер сот шешіміне келіспей, 500-ден астам адам хатқа қол қойып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдады. Қазіргі уақытта кәсіпкер балаларға ойын алаңын тегін беріп, алаңды көгалдандыру жұмыстарын бастап кетті.
«Тәуелсіздік монументінің» көшірмесін сақтап қалып, сауда үйінің жан-жағын көгалдандыруды ойлап отырмыз. Бізді қолдаушылар көп. Олар өз ойларын білдіріп, хат жазды. Ал сауда үйінің алдындағы балалардың ойын алаңын тегін етіп, қала тұрғындарының игілігіне бердік. Тек жұмысшыларымыз балалардың қауіпсіздігі үшін бақылау жүргізеді. Бұл жерде керік, бірнеше аң, құс болды. Ақтөбеліктерге арнайы әкелінген керікті өз жеріне жібердік. Ал қоян, түрлі құстар әзірге біздің шаруашылығымызда сақтаулы тұр. Зообақ ашпаймыз», - деді кәсіпкер Мақсат Байжарқынов.