Тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарындағы алғашқы ту ұстаушысы кім
АСТАНА. KAZINFORM – Тәуелсіздік мерекесіне орай, тәуелсіздіктен кейінгі Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын кімдер алып шыққанын тағы бір мәрте еске түсіріп, қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.

1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылданды. Ал 7 айдан кейін Испанияның Барселона қаласында XXV жазғы Олимпиада ойындары басталады. Бұрынғы КСРО құрамасы біріккен команда болып өнер көрсетіп, салтанатты ашылу рәсімінде әрбір тәуелсіз республикадан ту ұстаушылар шығады. Осы тұста еліміздің көк байрағын кім алып шығады деген сұрақ туындайды.
Әрине, бұл - үлкен жауапкершілік. Сол кезде тәуелсіз Қазақстанның бірінші Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі Қаратай Тұрысов, ұлттық олимпиадалық штабтағы әріптестерімен кеңесе отырып, спортшыларды іріктеуге кіріседі. Өйткені туды ең лайықты үміткер көтеріп шығуы керек.
Бұл - байрақты бәсекеде Қазақстанның өз туының астындағы алғашқы өнер көрсетуі. Жиынға қатысушылар бірауыздан грек-рим күресінің шебері 29 жастағы Дәулет Тұрлыхановтың кандидатурасын қолдайды. Ол кезде Тұрлыханов КСРО-ның 7 дүркін чемпионы, КСРО Спартакиада жеңімпазы, әлем, Еуропа чемпионы, әлем кубогының иегері және 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері болатын.
Сөйтіп, Дәулет Тұрлыханов Олимпиада ойындарында Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ту ұстаушы болып тарихқа енеді. Барселона ойындарында Тұрлыханов қола медаль жеңіп алады.
Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы жазғы Олимпиадасы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен еді. Онда жамбылдық жас боксшы Ермахан Ибраимов ту алып шықты.
Осы байрақты бәсекеде Ибраимов «қола» жүлде жеңіп алды. Жалпы есепте Қазақстан 11 медальмен 197 ел арасында 24-орынға тұрақтады.
4 жылдан кейін Аустралияның Сидней қаласында өткен кезекті Олимпиадада да Ермахан Ибраимов тағы да еліміздің байрағын желбіретіп шықты. Бұл жолы даңқты боксшы ел қоржынына алтын медаль сыйлады. Осылайша, Ибраимов – Қазақстанда екі Олимпиадада Қазақстан туын көтеріп шығып, екеуінде де жүлдемен оралған жалғыз спортшы ретінде Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылып қалды.
Сиднейде Қазақстан Олимпиада нәтижесі бойынша 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді.
2004 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын дзюдошы Асхат Жіткеев алып шыққан болатын. Аталған Олимпиадада ол 7-орын алып, жүлдеге іліге алмады. Жалпы Қазақстанның нәтижесі төмен болып, 201 елдің арасында 40-орыннан көрінді. Дегенмен, Жіткеев 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстанның дзюдо бағытындағы алғашқы Олимпиада медалі болды.
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын алып шығу мәртебесі ауыр атлетикадан Азия чемпионы Бақыт Ахметовке берілді. Бақыт Ахметов Сидней Олимпиадасында 15-орын, Афина Олимпиадасында – 7-орын алған еді. Бейжің ойындарында 415 келі нәтижемен 5-орын алды.
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағын грек-рим күресінің балуаны, Азияның екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев ұстап шықты. Алайда жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған Н. Тінәлиев швециялық Еурен Йоханнан жеңіліп қалды.
2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиадада Қазақстан туын 20 жастағы таеквондошы Руслан Жапаров алып шықты. Алайда спортшы алғашқы айналымда әзербайжандық қарсыласы Радик Исаевтан 11:2 есебімен жеңілді. Жұбаныш кездесуіндегі жекпе-жекте те отандасымыз 29 жастағы оңтүстіккореялық Чха Дон Миннен жеңіліп қалды.
2020 жылғы (2021 жыл) Токио Олимпиадасында еліміздің көкбайрағын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға тапсырды. Атап айтсақ, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстаған болатын.
Ал осы жылы Франция астанасы Париж қаласында өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің көк туын бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова ұстап шықты.
Тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада чемпиондары:
Атланта олимпиадасы - 1996 жыл!
Атлантада (АҚШ) өткен Жазғы Олимпиада ойындарында 3 отандасымыз чемпион атанып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Олар:
Василий Жиров - 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан боксшы.
Олимпиада нәтижесі бойынша Вэл Баркер кубогына қол жеткізген алғашқы отандасымыз.
Юрий Мельниченко - грек-рим күресінен 57 келі салмақта өнер көрсетіп чемпион атанды.
Александр Парыгин - бессайыстан Олимпиада чемпионы атанды.
Сидней олимпиадасы - 2000 жыл!
Сиднейде де (Австралия) жерлестеріміз 3 алтын медальмен оралды.
Олар:
Бекзат Саттарханов - Олимпиада чемпионы, 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті.
Ермахан Ыбрайымов - 71 келіде бокстасты.
Ольга Шишигина - кедергілермен 100 м қашықтыққа жүгіру бойынша жеңімпазы атанды.
Афины Олимпиадасы - 2004 жыл!
2004 жылғы Афины олимпиадасында тек жалғыз спортшымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Ол - Бахтияр Артаев - 69 келі салмақта өнер көрсетті. Сондай-ақ, Олимпиада чемпионы атағымен қоса, Вэл Баркер кубогын да жеңіп алды. Осылайша
Вэл Баркер кубогын иеленген екінші қазақстандық боксшы атанды.
Бейжің олимпиадасы - 2008 жыл!
Бейжіңде 2 отандасымыз жеңіс тұғырынан қол бұлғады.
Олар:
69 келіде жұдырықтасқан боксшымыз - Бақыт Сәрсекпаев.
94 келіде өнер көрсеткен ауыр атлетіміз - Илья Ильин.
Лондон олимпиадасы - 2012 жыл!
Лондон олимпиадасы тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылды. Бір емес, жеті спортшымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді.
Бірінші алтынды велошабандозымыз Александр Винокуров жеңіп алды.
Екінші алтынды ауыр атлетикадан легионер қызымыз Зульфия Чиншанло (53 келі) жеңіп алды.
Үшінші алтынды тағы бір легионер қызымыз Майя Манеза (63 келі) жеңіп алды.
Төртінші алтынды Ресейден қоныс аударып келген ауыр атлетіміз Светлана Подобедова ( 75 келі) қоржынымызға салды.
Бесінші алтынды Бейжіңде де чемпион атанған даңықты ауыр атлетіміз Илья Ильин (94 келі) жеңіп алды.
Алтыншы алтын жүлдені үш қарғып секіру сайысынан Ольга Рыпакова олжалады.
Жетінші алтынды 69 келі салмақта жұдырықтасқан боксшымыз Серік Сәпиев жеңіп алды. Серік чемпиондық атақпен бірге Вэл Баркер кубогына ие болған қазақ жерінен шыққан үшінші спортшы атанды.
Осы орайда айта кетейік, 2012 жылғы Олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедова допинг қолданғаны үшін алтын медальдарынан айырылып қалды.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында боксшы Данияр елеусінов пен жүзуден Дмитрий Баландин чемпионы атанды.
Ал биылғы Франция астанасы Париж қаласында өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов қазақ спортшылары арасында дзюдодан тұңғыш чемпион атанды.