Таяу Шығыстағы алғашқы Диснейленд қалай салынады
АСТАНА.KAZINFORM - Болашақ саябақ Disney тарихындағы ең озық технологиялы саябақ болмақшы.

Walt Disney Co. компаниясы Таяу Шығыс аймағындағы алғашқы Диснейленд саябағын Абу-Дабиде салу жоспарын жариялады. Жаңа нысан Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасындағы Яс аралындағы туристік кешеннің бір бөлігіне айналады.
Жоба Диснейдің дүние жүзіндегі жетінші курорты және 2016 жылы Шанхай Дисней курорты ашылғаннан бергі алғашқы жаңа саябақ болады. Диснейленд Абу-Дабидің қазірдің өзінде ойын-сауық пен туризм орталығы саналатын, Ferrari World, Warner Bros World және SeaWorld сияқты саябақтары бар Яс аралында орналасады.
Диснейдің тақырыптық саябақтарының басшысы Джош Д'Амаро алдағы саябақ компания тарихындағы ең озық технологиялы саябақ болатынын айтты. Жобалау шамамен екі жылға, ал құрылысы бес-алты жылға созылады.
Диснейдің бас директоры Боб Айгердің айтуынша, сәулет концепциясы танымал Дисней эстетикасын БАӘ мәдени ерекшеліктерімен үйлестіреді. Мақсат – «шынайы Дисней және нақты Эмираттық» курорт құру.
Жобаның қаржылық жағы жарияланбады. Д'Амаро атап өткендей, саябақ ауқымының кеңдігі соншалық, оған компанияның барлық негізгі франшизаларының барлық контентін қосуға болады. Жоба Флоридада жаңа кешен ашуға дайындалып жатқан және Ұлыбританияда саябақ құрылысын жариялаған Universal Studios-пен бәсекелестіктің күшеюі аясында жүзеге асырылып отыр.
Дисней компаниясы қазірдің өзінде аймақта ұсынылған: БАӘ-де брендтің ресми дүкендері жұмыс істейді. Сонымен қатар компания жергілікті реттеу саласында қиындықтарға тап болды.
Атап айтқанда, 2022 жылы Уолт Дисней мен Пиксардың бірлескен туындысы «Buzz Lightyear» мультфильмін бір жынысты жұп бейнеленген көрініске байланысты Әмірліктерде көрсетуге тыйым салынды. Дисней өкілдері компанияның өз құндылықтары мен стандарттарын сақтай отырып, жергілікті заңды құрметтейтінін атап өтті.
Сәуірде Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Астанада «Диснейленд аналогы» ашылатынын хабарлады.