Таяу Шығыстан 91 моңғолиялық арнайы рейспен еліне қайтты
АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия азаматтары Дубайдан арнайы рейспен елге оралды, деп хабарлайды Монцамэ.
Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға байланысты Моңғолия үкіметі осы өңірде жүрген және елге оралғысы келетін азаматтарды қайтару жұмыстарын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.
Осы шара аясында Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің қолдауымен МИАТ әуе компаниясының OM904 арнайы рейсінің Дубай қаласына қауіпсіз ұшуы қамтамасыз етілді.
Арнайы рейс Дубайдағы Әл-Мактум халықаралық әуежайынан ұшып шықты, оның бортында 91 жолаушы болды.
Агенттік мәліметінше, арнайы рейс Моңғолияға сәтті қонды.
Бұған дейін 10 мыңнан аса қытайлық турист Таяу Шығыстан эвакуацияланғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар, 8 күнде Өзбекстан Таяу Шығыс елдерінен 21,7 мың отандасын елге қайтарғанын хабарладық.