Тайбұғаның бастан кешкендері: «Қан кешкен ханзадалар» кітабы оқырманға жол тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада жазушы, тарихшы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жәди Шәкенұлының «Қан кешкен ханзадалар» атты тарихи туындысының тұсауы кесілді.

Кітапта Шығыс Түрік қағанаты кезінде ойран болған Тұғырыл хан ордасынан аман қалған немересі Тайбұғаның бастан кешкендері баяндалады. Хан ордасынан қашып шыққан сегіз жасар бала ерлікпен оңтүстіктен солтүстікке жетіп, ақыры Ертіс пен Тобыл өзендерінің қиылысында Сібір хандығын құрғаны суреттеледі. Жазушы кейіпкер тағдыры арқылы тарих пен таным сабақтастығын арқау етіп, ел жадын жаңғыртатын жаңа туындысын жазуда үлкен жауапкершілікпен көп ізденгенін атап өтті.

— Тарихи тақырып пен көркем шығарманы ұштастыруда еңсеретін кезең өте көп. Көркем шығарма болғанымен, тарихи тақырыптың тереңіне бойлау — үлкен жауапкершілік. Бұл туындыны жазу үшін бала күнімнен естіп өскен тарих-шежіре аздық етті. Кемінде жүз томдық деректерді ақтардым, оқиға өткен жүзге жуық мекенге сапар шектім. Бүгінгі Моңғолиядағы Шығыс түркі жұрттарынан бастап, батыс-солтүстіктегі Ресейдің Түмен облысына дейінгі аралықта із қалдырдым, — дейді жазушы.

Сонымен бірге кітап авторы тарихи шығарма жазуда шабытты қайдан алатынын айтып берді.
— Тарихи шығарма туралы айтқанда, оқиға өрбіген жерді көріп барып жазу — менің дағдылы әрі сүйікті тәсілім. Шындық пен көркемдіктің кілті сол далада жатыр. Сен даламен сөйлессең, ол да саған сырын ақтарып, сәулесін көкірегіңе құйып, қаламыңа қанат бітіреді. Өр Алтай жерінде, Ертіс жағасында туып-өскенім де шабыт берді. Біз алтын із қалдырған Тұғырыл хан мен Шыңғыс хан өмір сүрген даланың бір пұшпағында ер жеттік. Солар тыныстаған ауамен тыныстап, солар ат суарған қайнардан біз де су іштік. Таулар бізге таныс, тағылымымыз ортақ болды. Қария таулардың баурайындағы көне жұрттарды көзіңмен көрсең, жусанын иіскеп, жуасын тістесең, олар сөйлейді. Топырағына аунап, суын ішсең, самалы сыбырлап сыр ақтарады, — дейді жазушы Жәди Шәкенұлы.

Бұдан бұрын Астанадағы «Достық» үйінде қоғам және саяси қайраткер Ерсұлтан Бектұрғановтың «Ғұмырдария» естелік-эссе кітабының тұсаукесері өткенін жазған едік.