«Таза қала»: Алтай баурайындағы Риддердің ахуалы талданды
АСТАНА. KAZINFORM - «Jibek Joly» телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы бұл жолы Алтайдың етегінде орналасқан, елдегі ең ірі тау-кен қаланың бірі – Риддерге ат басын тіреді. Табиғат пен өндіріс қатар өрбіген бұл шаһарда 50 мыңнан астам адам тұрады.
Бағдарлама жүргізушілері Риддердің тыныс-тіршілігіне үңіліп, қала тазалығы, экологиялық ахуал, тұрғындардың санитарлық мәдениеті және абаттандыру жұмыстарының жай-күйін зерттеді. Табиғаты көркем, бірақ экологиялық түйткілдері де жоқ емес бұл өңірде жиналған ақпараттар сала мамандарының сараптауына берілді.
5000 адам сенбілікте бас қосты
Табиғаты таңдай қақтыратын Риддерде тазалық жұмыстары жыл он екі ай үзілмейді. Алтайдың баурайындағы бұл қалада қала көшелерін жазда қоқыстан, қыста қалың қардан тазалау тұрақты түрде жүргізіледі.
Риддерліктердің экологиялық мәдениеті жоғары. Жақында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілікке 5 мыңнан астам адам қатысып, бұл сөзімізге айқын дәлел болды.

Тек биылдың өзінде қала бойынша 15 мыңнан астам ағаш егілген. Ал соңғы сенбілік аясында 200-ге жуық көшет отырғызылды. Қала тұрғындары әсіресе шырша, қарағай, қайың және қарағаш түрлерін егуді құп көреді. Бұл ағаш түрлері Алтайдың топырағына 99 пайызға дейін жерсініп кеткен.

– Қаланы көркейту тек әкімдікке емес, әрбір тұрғынға ортақ міндет деп білемін. Әр отырғызған ағаш болашаққа қалдырған аманат сияқты, – дейді сенбілікке қатысқан тұрғын.
Тау бөктеріндегі тазалық: Атты патруль жұмысын күшейтті
Риддер қаласының тау бөктерінде де тазалық жұмыстары қызу. Қолына қап ұстаған тұрғындар табиғатты күл-қоқыстан тазартуға жұмыла кіріскен. Себебі мұнда тазалыққа салғырт қарайтын туристер көп. Әсіресе Иванов жотасы сияқты көрікті орындарға шыққан демалушылар артындағы қалдықты өзімен бірге ала түспейді. Аймақтың жер бедері мен ландшафтына байланысты мұнда арнайы техника да жүре алмайды.

Осындай сәтте нағыз көмекші – тұлпар. Тау-тасты аралайтын атты патруль қызметі осы мақсатта күшейтілген.

– Атпен тауға көтерілу жеңіл әрі тиімді. Қиын жерлерге тұлпармен ғана бара аламыз. Қоқыс тасталған аймақтарды бақылап, қажет болса, ескерту жасап, тазалықты ретке келтіреміз, – дейді ол.
Студенттер гербарий арқылы табиғатты танып жүр
Риддерліктер жасыл аймақты сақтау мен дамытуға деген көзқарасымен мақтана алады. Мұнда орман шаруашылығы бар және еліміздегі екі ботаникалық бақтың бірі орналасқан.

Бақтағы дендрология бөлімінің ғылыми қызметкері Елена Исакова оның 90 жылдық тарихы барын айтты.
– Бақтың тарихы терең, бізде 1940 жылы отырғызылған ағаштар бар. Кейбірінің дінінен энергия алуға болады», – дейді ол.

Тазалық пен табиғатқа құрмет – жастардың жүрегінен орын алған құндылық.

Бақ аумағында тәжірибеден өтіп жүрген колледж студенттері табиғатқа ықыласын дәлелдеп жүр.
– Қажетті құрал-жабдықты пайдаланып, гербарий жасау жұмыстарымен айналысамыз. Өсімдіктерді зерттеп, олардың қасиетін ұғынамыз, – дейді студент.

Жастардың басты міндеті – орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарына үлес қосу. Байқағанымыздай, қалада тәжірибе жинау мен ғылыми зерттеу жүргізуге барлық жағдай жасалған.
Сұлу ауланың сыры
Риддерде келбеті келіскен аулалар көп. Солардың бірінде қала тұрғыны Наталья Филипьиева тұрады. Ол қарапайым қоқысты ерекше бұйымдарға айналдыруды алдымен интернеттен үйренген. Кейін шығармашылыққа ден қойған. Осылайша, тұрғын он жылдан бері қала аулаларын көріктендіріп келеді.

– Күйеуім неге қоқыс тасисың деп кейде ренжиді. Бірақ мен ауланы бос қалдырғым келмейді. Бұйымдарға жарамды шикізатты көршілерім мен достарым әкеледі. Нәтижесінде осындай әдемі дүниелер пайда болады, бұл маған шабыт береді, – дейді Наталья Филипьиева.

Алғашқы «Таза Қазақстан» фронт кеңсесі
Риддерде құрылған «Таза Қазақстан» фронт кеңсесі – еліміздегі экологиялық сананы күшейтуге бағытталған алғашқы орталық. Бастаманың жетекшісі әрі ұйымдастырушысы – Ольга Вахрамеева.

Оның айтуынша, Риддерде «Жасыл ел» еңбек жасағының қатары жыл санап көбейіп келеді.

– Биыл жасақ айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Маңызды байқауда «Үздік қала» номинациясын еншіледік. Бұл – еңбегіміздің бағаланғанының дәлелі, – дейді ол.
Фронт кеңседе ресми түрде он бес адам жұмыс істейді. Белсенділер тұрақты түрде қала тұрғындарына экологиялық тәрбие беру мақсатында дәрістер оқып, сенбілік ұйымдастырады және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған пайдалы жобаларды іске асырады.

Осындай ауқымды әрі жүйелі жұмыс арқасында Риддер экологиялық тұрғыдан жасыл қалаға айналып келеді.
Спорттық инфрақұрылым сын көтермейді

Алайда Риддерде әдемілікпен қатар олқылықтар да бар. Мысалы, жастардың құлағалы тұрған стадионда шынығып жүргені қынжылтады. Мектеп оқушылары дене шынықтыру сабағын өткізу үшін осы алаңды пайдаланады екен, алайда мұндағы жасыл желек спортпен шұғылдануға мүлде жарамсыз.

Ғимараттың реконструкциясы 2024 жылы жүргізіледі деп жоспарланғанымен, бүгінге дейін жөндеу немесе монтаждау жұмыстары басталмаған.

Тау басындағы спорт кешені де үрейді үдетті. Қалада спорттық инфрақұрылым дамымағандықтан, оны тау басынан өздері жасақтағысы келгендер табылған сияқты.
Қаптаған ит, қордаланған қоқыс
Риддерде флорамен қатар фауна да таңғалдырады. Қалада иттердің саны күрт өскен.

Көпшілігі қараусыз, тұрғын үйлердің маңында және жертөлелерде жүреді. Жақын маңдағы қоқыс алаңынан азық тасып жүр, бұл бір жағынан балалар үшін қауіп төндіріп отыр.

– Ойын алаңдары да ұсқынсыз, жағдай жасалмаған. Әкімдік ит санын реттеп, санитарлық жағдайды жақсарту және қауіпсіз ойын алаңдарын ұйымдастыру бойынша жұмыс істесе дейміз, – дейді тұрғын.

Бұдан бөлек, қоқыс мәселесі де қордаланған. Тұрғын Анастасия Клемешованың айтуынша, қала әкімімен кездесуде бұл мәселелердің барлығы көтерілген. Алайда әзірге нәтиже көрінбейді.
– Қоқыс шығаруға төлем жасағанымызбен аула үнемі қоқыстан көрінбейді. Мәселенің тезірек шешімін тапқанын күтеміз, – дейді Анастасия Клемешова.

Жауын тағы бір мәселенің бетін ашты
Қалада кенеттен жаңбыр құя салады екен. Тұрғындар бұған үйренген. Алайда, бұл жағдайға қала басшылығы дайын болмай шықты. Жауында қаланың көп бөлігінде су деңгейі көтеріліп, көліктердің жүріп-тұруына кедергі жасады. Ал асфальттың болмауы жағдайды тіпті күрделендіре түсті.

Әкім не дейді?
Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев қаладағы өзекті мәселелерден хабардар екенін айтты.
– Қоқыс пункттерінің жағдайын жақсарту мақсатында толық жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған дейін 11 пункт жөнделді, ал келешекте 50-60 пунктке дейін қайта құру жұмыстары жоспарланған, – дейді әкім.
Сонымен қатар волонтерлер қалада төрт аяқтылар үшін арнайы паналау орнын ашуды ұсынғанымен, ол қаржылай шешім таппаған. Әкімнің пікірінше, иттердің жағдайын реттеу үшін заңға өзгеріс енгізу қажет, әйтпесе мәселе ұзақ уақытқа созылады. Дегенмен, әкімдік бұл бағытта жұмыс істеп, жағдайды бақылауда ұстауға тырысып жатыр. Бұған қоса жол мен инфрақұрылым мәселелері де уақыт өте шешім табатыны айтылды.
– Әкімдік тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шараларды жалғастырады, – дейді Думан Рахметқалиев.
Сарапшылар бағасы
Бағдарламаның дәстүріне сай, сарапшылар қорытынды ұсынды.

– Қалада қоқыс контейнерлерін ауыстыру қажет. Қала келбетін келістіру бағытындағы жұмыстарды да күшейту маңызды, – дейді қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш.

– Жасандылық байқалды. Журналистер келетінін біліп, алдын ала сенбілік ұйымдастырылғандай әсер қалдырды. Бұл – жеке пікірім. Қала әдемі, бірақ әлде де шешу қажет түйіндер бар екен, – дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

– Коммуналдық қызмет жүйесінің жұмысын реттеу керек, қалдықтар мәселесімен де күрес маңызды, – дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова.
Осылайша, сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша Риддер 19 ұпай еншіледі.
Моноқалалар арасындағы рейтинг төмендегідей:
· Ақсу – 27 балл
· Екібастұз – 26 балл
· Абай – 24 балл
· Алтай – 24 балл
· Кентау – 23 балл
· Теміртау және Хромтау – 22 баллдан
· Балқаш – 21 балл
· Рудный – 20 балл
· Лисаковск – 19 балл
Риддер – 19 балл
Ақсай және Шахтинск – 18 баллдан
Рейтингтің ең төменгі сатысында тұрған қалалар:
· Степногорск пен Жітіқара – 16 балл
· Құлсары – 14 балл
· Жаңаөзен – 10 балл
· Курчатов – 8 балл
Бұған дейін «Jibek Joly» телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы Курчатов қаласына ат басын бұрғанын жазған болатынбыз.