«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» бағдарламасы Алатаудың баурайына жетті және кезекті шығарылымында алып шаһар Алматының тазалығы мен эстетикасына шолу ұсынады. Бағдарлама жүргізушілері екіге бөлініп, мегаполистің санитарлық ахуалын, көгалдандыру мен инфрақұрылымдағы жаңашылдықтарды, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін көрсетеді және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Жаңа Арбат салынады

Алматының аумағы 68 мың гектарға жетеді және қалада 8 аудан бар. Жылдан-жылға шаһарға көшіп келушілер саны артып келеді. Соңғы жылдары мұнда демалыс аумақтары, қоғамдық орындар көптеп салынып келеді. Мысалы жаңа Наурызбай ауданында жаңа Арбат салынып жатыр.

Сайран көлінің жағасында жаңа демалыс аумағы салынған. «Таза қала» бағдарламасының былтырғы шығарылымында Қарасу өзені лай мен қамыстан тазартылып жатқан еді. Жүргізушілер аумақтың биылғы келбетін көрсетті.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

— Қарасу өзені осы жерден бастау алады. Былтырғы техникалар Қарасу өзенінің астындағы лайды тазартуға жұмылдырылған еді. Биыл бұл жұмыстар толығымен бітті, су құбырын бұру механизмі салынды. Енді абаттандыру жұмыстары қалды. Биыл осы маңайдағы стадионды жөндеуді бастадық, — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков бағдарламаға берген сұхбатында.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Алатау баурайындағы қалада тазалыққа ерекше көңіл бөлінеді. Әр аялдама жуылып, әрбір бағдаршам боялады. Тіпті көріктендірудің жаңа ережесі бойынша әрбір жеке үй иелері жер телімін тәртіппен күтіп-ұстауы керек және іргелес аумақтың тиісті санитарлық жағдайын қамтамасыз етуі қажет. Көз қуантар әсемдікті қала көшелерінде де, тұрғын үй аулаларында да кездестіруге болады. Мәселен, қала тұрғыны Анна Гейслер 24 жылдан бері өз ауласын көркейтумен айналысып келеді. Сексеннің сеңгіріне шыққан зейнеткер өз қолымен мүсіндер жасап, субұрқақ та әзірлеген. Айналаны абаттандыру үшін уақытын да, қаржысын да аямаған көрінеді.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly
«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

— 24 жылда қанша ақша жұмсағанымды күйеуім білсе, баяғыда-ақ ұрысып тастар еді. Бос бөтелкелерді, тіпті қақпақтарын да лақтырмаймын, ішіне құм толтырып, декорация ретінде қолданамын. Гүлдердің сан алуан түрі толып тұр. Гортензия, бүлдірген, шырайгүл, раушанның қызылы да, сарысы да бар. Оларды күтіп-баптау үшін таңмен таласа тұрамын. Ғаламтордан лайфхактарды көріп, қолдан келгенін жасап қоямын, — дейді тұрғын.

Қоқыс үйінділеріне кім кінәлі

Халық арасында «Тастақ» аталып кеткен аумақ бар. Кеңес кезеңінде салынған тұрғын үйлердің көркі кеткен, айналасы қоқысқа толып, үйсіз жандардың мекеніне айналғандай. Түсірілім тобын көрген тұрғындар бірден көшеге шығып, жағдайын айта бастады.

— Тастаққа жақын аумақта автовокзал орналасқан. Алыс жолдан шаршаған жүргізушілер осында келіп тынығатын сыңайлы. Соңынан қоқыс қалдырып кетеді, — дейді тұрғын Қымбат Алпысбайқызы.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Қаладағы Жетісу ауданының құрылғанына жүз жылға жуық уақыт болған. Әрине мұнда жаңа нысандарды кезіктіру қиын. Ал Райымбек батыр даңғылында түсірілім тобы әр жерде үйілген қоқыс пен әр жерге жантайған үйсіз жандарды да түсіріп алды. Жолдан өтетін көпір бар, ал ондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсаты жабық тұр.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков қаланың жоғары-төмен болып екіге бөлінгенін, мұның тазалыққа да әсер етіп жатқанын айтып ақталды.

— Қаланың төменгі бөлігінде пәтер жалдау арзанырақ болғандықтан, басқа өңірлерден отандастарымыз көшіп келіп жатады. Олар Алматының нағыз тұрғынына айналғанша осындай кемшіліктер болады, — дейді әкімнің орынбасары.

Тазалық туралы контент көбейеді

Қазір балалардың көбі әлеуметтік желіде отырады. Демек тазалық туралы контентті арттыру керек. Бұл бағытта да алматылық белсенді жастар көп. Волонтер, блогер Дулат Нәбиев ТикТок желісінде жастарды тазалық челленджіне шақырып, Алматыны 90 күнде тазартып шығу челленджін бастаған.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

— Күннен-күнге қаралым көбейіп, қатарымыз арта түсті. Қазір менің командамда 200-300 адам бар. Біз күн сайын таңғы 5-те жиналып, қаланың түрлі локацияларына бардық, сан түрлі қоқысты көрдік. Күнделікті 30-40 қап қоқыс шығаратынбыз. Осылайша тазалық челленджін 90 күнде емес, 28 күнде аяқтадық, — дейді Д. Нәбиев.

Дулат бұл идеяның ауқымын кеңейтіп, республика қалаларын аралап, тазалық мәдениетін дәріптеуді қалайды. Бүгінде әлеуметтік желідегі қаралым да, тазалыққа үлес қосушы жандар да артып келеді.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Жалпы Алматыда тазалыққа шақырудың заманауи әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылады. Мысалы экорейнджер атты арнайы көлік супер қаһармандармен бірге қаланы аралап, жеткіншектерді тазалық науқанына шақырады. Ерекше кейіпкерлерді көрген жандар, әп-сәтте жинала қалады екен. Қазіргі таңда экорейнджерлердің қатарында 5 мыңға жуық адам бар.

— Жаңа оқу жылында Алматы мектептерінде тазалық мәдениетін қалыптастыру сабақтары басталады. Балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен ЖОО-ларда да осындай жұмыс атқарылады, — деді қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Ескі киімдер қалай өңделеді

Алматы орталығында ескі киімдерді қабылдайтын арнайы жәшіктер орнатылған. Бір айда бұл жәшіктерге 20 тоннадан астам киім қабылданған көрінеді. Олар сұрпыталады, киюге жарамдысы қайырымдылыққа жіберілсе, қалғандары қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Наурыздан бастап бүгінгі күнге дейін мекемеге 150 тонна текстиль келген.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

— Осыдан төрт ай бұрын тоқыма қалдықтарын жинап, өңдеумен айналысатын фабрика ашқан едік. Алматы қаласы бойынша 25 жәшік орнаттық. Адамдар керексіз текстиль бұйымдарын сонда қалдыра алады. Қазір тоқыма бұйымдарын ұнтақтаймыз да, регенерацияланған талшыққа айналдырамыз. Осылайша бұрынғы джинс түрлі бұйымдарға арналған шүберекке айналады. Мұнымен тоқтап қалмай, автокөліктерге арналған, түрлі техниканы оқшаулауға арналған мата түрін дайындауды жоспарлап отырмыз, — деді кәсіпкер Денис Лекомцев.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Уникалды нысандарды көбейту керек — Сарапшы

«Таза қала» жүргізушілері Алматы қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков және AMANAT партиясы жанынан құрылған Экологиялық кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов сарапшы болды.

— Алматы еліміздегі ең көркем қалалардың бірі. Алматының жақсы дамып келе жатқанын, абаттандыруға байланысты жақсы жобалар барын көрдік. Қала тұрғындарының ашықтығын да көрдік. Әрине, мегаполис болғандықтан проблемалық мәселелер де бар, бұл проблемалардың шешімі табылады деген ойдамын, — деді Елдос Абақанов.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Сарапшы Г. Әбіш Алматы қаласына 8 ұпай берді және қоғамдық кеңістіктер жақсы дамып жатқанын, аулалар абаттандырылып жатқанын атап өтті.

— Көлік ағынын реттеу үшін көп орталықтандыру орындары болуы керек. Яғни адамдардың бір жерде шоғырланбай, әртүрлі жерде орналасуы маңызды. Менің ойымша, Алматыда уникалды нысандар аз, бұл жастарға да қызықты, туристерге де тартымды болар еді. Қала шетіндегі аумақтарды да бірге дамыту керек, — деді Г. Әбіш.

Сәулетші Серік Рүстембеков те қаланың әлеуеті мол екенін айтты.

— Мен Алматы қаласында 30 жыл тұрдым, қаланың жағдайын жақсы білемін. Ал қазір Алматы жылдан-жылға көркейіп келеді. Сайранның маңайы, қаланың орталығы, Көктөбенің айналасы айтарлықтай жақсарған. Бірақ қаланың шет жағында кемшін тұстар бар, Райымбек батыр даңғылындағы қоқыстың көптігі бағаны төмендетті, — деді С. Рүстембеков.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Жалпы есепте Алматы қаласы 27 ұпай жинап, Астанадан кейінгі екінші орынға жайғасты. Ал моноқалалар тізімінде Қарағанды облысының Абай қаласы 24 ұпаймен көш бастады. Одан кейін Теміртау (22), Хромтау (22), Балқаш (21), Рудный (20), Лисаков (19), Ақсай және Шахтинск (18) қалалары тұр. Сондай-ақ 16 ұпай алған Степногорск және Жітіқара қалалары, 14 ұпаймен Құлсары және 10 ұпай алған Жаңаөзен тізім соңында.

«Таза қала» бағдарламасы Алматыда: Жаңа Арбат, ескі аудандар, эконауқандар
Фото: Jibek Joly

Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.

Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ.

Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар