«Таза қала»: Оралдағы тарихи нысандар, заңсыз кесілген ағаштар, асфальт көрмеген аудандар

ОРАЛ. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы еліміздің батыс өңірлерінің тазалығын тексеруді жалғастырады. Еліміздің еуропалық бөлігі саналатын Орал қаласының шығарылымын ұсынады.

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Тарихи нысандардың жай-күйі

Орал – еліміздің ең тарихи, ескі қалаларының бірі. Мұндағы ауқаттылар 18 ғасырдың басында әсем ғимараттар сала бастаған. Алғашқы мектеп, банк, көпестер үйі бой көтерген Оралды еліміздегі өркениеттің бастауы деуге болады. Діни ғимараттар, көпестер салған сәулетті үйлер қаланың архитектуралық мұрасының бір бөлігіне айналды. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Қазіргі уақытта Оралда 140-қа жуық тарихи нысан бар. Жергілікті билік олардың сыртын қалпына келтіріп, сырлайды. Ал ішкі жағы қалай екенін бағдарлама жүргізушілері көрсетті – күтім жасалмаған, шөптер қаулап өскен және қоқыстар шашылып жатыр. Бұл үйлердің кейбіріне адамдар тұрып жатыр және жаңартып, күтіп ұстаудың орнына, аңыз ғимараттардың тезірек сүрілгенін, орнына жаңа баспана берілгенін қалайды.

Бағдарламаға арнайы сұхбат берген қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев қала бойынша 92 үйге күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Сол қатарда бағдарлама жүргізушілері көрсеткен үйлер де бар. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Бұл қалада өткен ғасырдан қалған аулалар да бар. Аула тұрғыны Оксана Волкова жастайынан осы үйде тұрып келеді. Өзінің балалық шағында орнатылған әткеншектерді бүгінгі күнге дейін сән-салтанатымен жеткізуге атсалысып келеді. Бәрі сырланған, жөнделген, шашылып жатқан қоқыс көрмейсіз. Жасылдандыру да жолға қойылған. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Біз осында тұрамыз және терезені ашқанда тазалықты көргіміз келеді. Біреудің қоқысын жинау біз үшін ұят емес. Керек болса, қоқыс жәшітерін де жуамыз. Менің көмекшілерім – кішкентай көршілерім», - дейді Оксана Волкова.

Жер үйлерге қашан көңіл бөлінеді

Жеке сектордағы үйлерге көпқабатты тұрғын үйлер секілді көңіл бөліне бермейді. Қандай мәселе туындаса да, тұрғындардың өзі шешуі қажет. «Ескі әуежай» атанған ауданның тұрғындары сегіз жылдан бері жергілікті биліктен жол төсеуді сұрап келеді. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Үш жыл бұрын өзіміз ақша жинап, ұсақ тас төседік, өзіміз асфальт жасадық. 70 шақты жеміс ағашын егіп, баптап келеміз. Ендігі ойлайтынымыз – жеткіншектердің бақытты балалық шағы, балалар алаңқайын салу қажет. Бұл үшін Қажымұқан-Майлин көшелерінің қиылысында арнайы жер белгіленген. Оған 35 миллион қаражат қажет екені айқындалған. Қазір ол жерде шөп өсіп жатыр, еш жұмыс жүргізілмеді», - дейді тұрғындар.

Жеке сектордың бұл назы қала билігіне жеткізілді. Бұл аумақтар 2024 жылдың ортасында ТКШ балансына алыныпты және барлық жұмыс келесі жылы ғана басталады. Оралда қалаішілік жолдарының болмауы, күн бұзылғанда батпаққа батуы үйреншікті мәселеге айналғандай. Және мұндай көрініс қаланың басқа да аудандарында жеткілікті. Әкімдік жолдар мәселесі су тасқынына байланысты келесі жылға қалдырылғанын айтып ақталды.

Белсенді тұрғын шырша-қарағай санын көбейткісі келеді

Оралдың саябақтары мен гүлзарларының жалпы аумағы 100 гектарға дейін жетеді. Осыдан ақ қаланың қай түске боялғанын аңғара беруге болады. Оның үстіне Оралда 50-ден аса жасыл саябақ бар. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасы – «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары да жолға қойылған – сенбіліктер, түрлі іс-шаралар өткізіледі. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Орал тұрғындары да ағаш пен гүл егуге бейіл келеді. Бағдарлама кейіпкері, кәсіпкер-бағбан Гүлән Мерғалиева алғашында өз ауласын абаттандырып келген, кейіннен оның қабілетін әкімдік байқап, өткен жылы арнайы тәлімбақ орталығын да ашып берген.

«Біздің қаламыз онсыз да жасыл әрі әдемі. Бірақ мен қылқан жапырақтылардың санын арттырғым келді. Тәуекелге белбуып, қалаға бұрын отырғызылатын терек, қараағаштардан бөлек, қылқан жапырақты ағаштарды еге бастадық. Өйткені басқа елдерге, басқа қалаларға барғанда қала ішінде шырша, қарағайларды өсіруге болатынын көрдім. Нәтижесінде шаһардың көз тартар сұлулығы арта түсті. Қала көркейе түсті. Ең бастысы тұрғындар да мұны байқады», - дейді Г. Мерғалиева.

Бұл жерде тұрғындар тынығып, жасыл желектің арасында бой сергіте алады. Бәрі қалаға, тұрғындарға деген махаббатпен жасалғаны көрініп тұр.

Бизнес үшін заңсыз кесілген ағаштар

Қала жаңашылдыққа көңіл бөлгенімен, бұрыннан бар ағаштарға назар салмайтын сияқты. Экобелсенділер ондаған жыл бойы Оралға көрік берген жасыл алқап құрылыс салдарынан жойыла жаздағанын айтып берді. Оның кәсіпкерден аман қалған бөлігі де қоқысқа толы. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Осыдан екі жыл бұрын мына ғимарат болмаған еді, оның орнында жақсы ағаштар өсіп тұрған. Жер иесі аумақтағы 35 ағашты кесуге рұқсат алған. Алайда экосақшылар тексеру жүргізгенде, 35 ағаштың орнына 130 ағаш кесілгенін анықтады. Жұмысшылар бір-біріне сілтейді, құрылыс иесі мұндай тапсырма бермегенін айтып ақталды», - дейді экобелсенді Дәуренбек Сахым.

Бір құптарлығы қала, кесілген ағаштың орнын толтыру үшін арнайы арналған компенсациялық аумақ белгіленген. Заңнамада бір ағашқа – 10 ағаш формуласы бекітілген. Алайда мұндағы ағаштар саны да көңіл көншітпейді. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Ағаштардың 90 пайызы дерлік өткен ғасырда егілген. Олар да ескірді, бәрін ауыстыру керек», - дейді экобелсенді.

«Таза Қазақстан» қоғамдық көлігі іске қосылды

«Таза Қазақастан» бағдарламасы аясында арнайы қоғамдық көлік өз жұмысын бастады. Жергілікті билік қала көшелерін тазарту үшін бір күнді белгілеудің қажеті жоқ дейді. Сондықтан арнайы топ құрып, көлік әзірлеп, шаһарды қоқыстан тазартады. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Тұрғындар кез келген уақытта «Таза Қазақстан» көлігіндегі белсенділерге хабарласып, тазартуды қажет ететін тұстарды айтады. Тер төгіп жүргендердің қатарында белгілі өнер иелері де бар. Олар аумақты тазалап қана қоймай, әлеуметтік желіде жүздеген миллион қаралым жинаған әндерді айтып, түрлі көңілді шараларды ұйымдастырады.

«Бұл қаланың, мемлекеттің ғана емес, табиғаттың алдындағы парыз. Соны орындау керек», - дейді танымал әнші Жандәурен Абылаев.

Сарапшылар бағасы

«Таза қала» жүргізушілері Орал қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. 

Орал
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Бұл шығарылымды Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ урбанистика орталығының жетекші маманы Тұрсын Жиенбаева және эколог, «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Тельман бағалады.

«Қала көшелерінің тазалығы мен тәртібін, жергілікті коммуналдық қызметтің жұмысын бағалауға мүмкіншілік болмады. Қаланың абаттандырылуы, халқының мәдениеті, қала эстетикасы жалпы 6 ұпаймен бағаланды», - деді депутат Е. Сатыбалдин.

Урбанист Тұрсын Жиенбаева да Орал қаласына 6 ұпай берді.

«Себебі қаланың орталығы жақсы абаттанған және таза, ал қала шеттеріне, кей аудандарға мүлдем мән берілмейтінін байқадық. Сонымен қатар, балалар алаңдары ескі арихтектуралық формалармен жабдықталған, кейбір жерде мүлдем жоқ. Көлік жолдары да қарастырылмаған, бұл жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызады. Дегенмен қаланың жасыл желегін ерекше атап өтуге болады», - деді ол.

Өз кезегінде Сәбит Тельман қаланың пробелмалары еліміздің басқа қалаларына ұқсас екенін айтуда.

Бағалау нәтижесінде Орал қаласы 16 ұпай алды. Бұл тізімде Астана (25 ұпай), Алматы (25 ұпай), Қарағанды (22 ұпай), Қостанай (22 ұпай), Қызылорда (20 ұпай) қалалары көш бастап тұр. Ал антирекорд – 11 ұпай жинаған Өскемен қаласында.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты.

Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.

Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды, Астана, Қостанай, Петропавл, Көкшетау қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.

Соңғы жаңалықтар