«Таза қала» Петропавлда: Су тасқынынан кейінгі қаланың жай-күйі
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы еліміздің солтүсік аумақтарын аралауды бастады және Петропавл қаласына жетті. Көктемде су тасқынынан зардап шеккен өлкенің қазіргі тыныс-тіршілігі қандай, инфрақұрылымы мен тазалығы қай деңгейде – жаңа репортаждан оқып-біліңіз.

Жол мәселесін түбегейлі шешу үшін 5 жыл керек
Петропавлда тазалыққа өз деңгейінде назар салынған. Түрлі шаралар өткізіліп, жастар, экобелсенділер оған тұрақты атсалысады. Әсемдікке ұмтылған, өз ауласын әрлеп, көркейтіп қойған тұрғындар да бар. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында да қаланы күл-қоқыстан тазартуға бағытталған мәнді шаралар да ұйымдастырылады.

Қаланың жаңа аудандарының бірі – «Жас өркен» деп аталады. Айналдырған бес жылдың ішінде бұл аймақта жаңа үйлер, спорт кешендері, өнер ордасы бой көтерген. Дегенмен, мұндағы тұрғындардың басты мәселесі – жолдың болмауы. Әсіресе жаңбырлы күндері батпақты кешіп жүруге мәжбүр.
Береке шағын ауданында қазір көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектор жетерлік. Орталық көшелерде жол тәуір болғанымен, асфальттың таусылар жері алыс емес екен.
«Орталық стадионда скейттер мен велосипедтерге арнайы орын салу жақсы идея, бірақ іске асыруда қателіктер бар. Неге су кететін орын қарастырмаған ? Қазір су кеткенін байқап тұрсыз, әдетте мұндағы су көл болады», - дейді блогер Владимир Пекарский.
Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесі – әлемдегі ең ұзақ жаяужол. Көшедегі ою-өрнек мүсіндері үгітіліп құлап жатыр.
«Алты ай қыс болатын қалада жылы аялдамалар аз. Қалалықтар бүрсең қағып көшеде тұруға мәжбүр. Сосын жаңбыр да аспаннан тіке жаумайды. Қиғаштап келіп, адамдарға қарай жауады, ескі аялдама жаңбырдан еш қорғамайды. Бұл мәселені бірнеше жыл бойы шеше алмай жүрміз», - дейді В. Пекарский.

Бағдарламаға сұхбат берген қала әкімі Серiк Мұхамедиев алдағы 5 жылдың айналасында барлық жол асфальтке ауыстырылатынына уәде берді. Бұл жұмыстар қазір жүріп жатыр, биыл 37 топырақ көше асфальтталған.
«Жаңа аялдамаларды көбейту де жоспарда бар. Биылдың өзінде олардың санын жүзге арттыру көзделген. Ал Әуезов-Тәштитов қиылысындағы жол бір жылда шешіледі», - дейді әкім.
Су тасқынындағы қоқыстар әлі жиналып келеді

Қала шетіндегі «Мещан орманы» аумағында тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған өзгеше шаралар өтеді. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында басталған «Clear Fest» фестиваліне әрдайым жүзден аса белсенді қатысады, олардың басым бөлігі жастар.
Өңірде еріктілер, экобелсенділер қатары көп. Барлығы дерлік Петропавлды таза қалпында ұстап тұруға атсалысқысы келеді.
«Мұнда қызық көп. Қайың томарлары мен көлік дөңгелектерінің түр-түрі жиналып жатыр. Естеріңізде болса, биыл өңірімізді су басты. Су тасқыны кезінде дөңгелектердің келгені былай тұрсын, жылыжайлардан есіктер, қақпалар жүзіп келді. Бұл қоқыстарды әлі күнге дейін тазалап жатырмыз», - дейді ұйымдастырушы Жұлдыз Тоқтарғазы.
Бұл қоқыстар полимерлі қаптама қалдықтарын жинайтын және қайта өңдейтін ірі кәсіпорындардың бірі «Радуга» серіктестігіне жеткізіледі. Зауыт 500-ден астам әртүрлі санаттағы тауар өнімдерін шығарады. Соның бір бағаты – қағаздың түр-түрін қайта өңдеу. Мекеме жақында өндіріс қуатын арттыруды көздеп отыр.

«Жасыл даму» қоқыс жинаушылар мен қайта өңдеушілерге субсидия береді. Яғни қайта өңдеумен айналысатын мекемелерге мемлекет субсидия төлейді, өндіріс орындарына жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Тамыздан бастап бізге арнайы бағдарлама арқылы макулатура өткізе бастады», - дейді мекеме менеджері Дмитрий Снешин.
Ертегі сарайлары, тегін шеберлік сабағы, мобильді қосымша

Расымен қалада экологиялық сауаты жоғары, табиғатқа жанашыр жандар баршылық. Олардың да айтар назы бар. Бағдарламада Қазақстандағы ең көне ботаникалық бақтың жағдайы таныстырылды. Әуеден қарағанда бұл аумақ сұрқы қашқан өндірістік кешендер ортасындағы ғажап оазиске ұқсайды. Кешенде жан-жануарлармен қатар өңірде өспейтін өсімдіктіктер мен жемістердің де түр-түрі бар. Бақ мамандары түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын да жүргізеді екен. Алайда қолдау жоқ.
Артур Мещан орманындағы жасыл алқап аумағы күннен-күнге азайып жатқанына да алаңдаулы.
«Бұрын мұнда Мещан орманы болған еді. Кейін орман қорынан елді мекен аумағына жер бөлініп, көпқабатты үйлер салына бастады. Бұл қалай болғаны?», - дейді ботаникалық бақ басшысы.
Өз кезегінде қала әкімі Серiк Мұхамедиев Мещан орманына қол сұғылмайтынын, жаңа үйлер бұрынғы жылыжайлар орнына ғана салынып жатқанын айтуда.
Экологиялық мәдениет қалыптасу үшін нақты әрекет керек-ақ. Келесі кейіпкеріміз Әсел Шәкімова тұрғындарға арнап, қоқысты қайта өңдеу бойынша тегін шеберлік сабақтарын өткізеді. Экоағартудың арқасында өзін де отбасын да тазалыққа, сұрыптауға үгіттей бастаған тұрғындар саны жетерлік.

«Петропавлда пластиктің үш түрін қайта өңдеуге тапсыруға болады – бөтелкелер, пакеттер мен пленкалар. Оған қоса, қағаз, картон, аллюминий қалдықтарын арнайы тапсыруға болады. Сосын кендірден жасалған ыдыс жуғыш губканы да көрсеткім келеді, өйткені біз қолданып жүрген пластик губкалар табиғатқа өте зиян», - дейді Әсел.
Эко кеңесшісінің отбасы да белсенді. Тіпті ұлдары бала шағынан әлемді қоқыстан тазарту идеясына қызыққан екен.
«Кезінде үлкен ұлым бес жасында киттердің тіршілігіне қызыға бастады. Зерттей келе, киттердің мұхитта пластиктен өлетінін, мұхиттардың шектен тыс ластанатынын көрдік. Сол себепті мұхитқа барып тазалау жүргізе алмасақ та, өз үйімізден экоәдеттерді бастауды ұйғардық», - дейді Ә. Шәкімова.
Тағы бір тұрғын Анвар Файзуллин үй маңында көне Еуропа ғимараттарының шағын көшірмесін жасаумен айналысады. Оның жан-жағына ағаш пен гүл егіп, безендіріп те қойған. Қазір ерекше нысанға туристер де қызығушылық таныта бастаған. Гулливердің қалашығын көру үшін қала тұрғындары, қонақтары көп келеді.

«Қанша уақыт жұмсағанымды нақты айта алмаймын. Ағаштарға қарап есептеуге болатын шығар. Олар қаншалықты биік болса, сонша уақытымды өткізгенмін. Өткен адамдар таңданысы мен қуанышын жасырмайды. Кейбірі келіп рұқсат сұрап суретке түседі», - дейді А. Файзуллин.
Сонымен бірге, экобелсенді Тимур Звериченко қаладағы 200 мыңнан астам ағашты зерттеп, әрбірінің орналасқан жерін анықтайтын арнайы қосымша ойлап тапқан. Тіпті бұл қосымшада зақымданған ағаштарды да табуға болады.
«Қаладағы кез келген ағаштың толық сипаттамасын қарай аламыз. Мәселен, мына ағаш бірнеше рет сынған. Жүйеде ағаштардың реттік саны мен суреттері де бар», - дейді Т. Звериченко.
Сарапшылар қандай баға берді
«Таза қала» жүргізушілері Петропавл қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов және эколог, «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Тельман бағалады.

«Петропавл қаласына тазалық жағынан, жалпы жағдайы бойынша берген баға орташа болды. Мақтанышпен көрсеткен ең үзын жаяужолды да көрдік, оның кей жері жайнап тұр, кей жері шашылып жатыр. Коммуналдық қызметтердің жұмысы байқалмады. Тіпті асфальт көрмеген көшелерді көріп қарнымыз ашты», - деді С. Рүстембеков.
Эколог Сәбит Тельман да коммуналдық қызметкерлер жұмысы көрінбегенін, бірақ қаланы лас деп айтуға болмайтынын атап өтті. Қаланың жолдары мен инфрақұрылымы жағынан жағдайы қиындау, бірақ көп құрылыс пен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
«Әрине Петропавл қаласы тарихы бай қала, екінші жағынан табиғаты мен жасыл желегі керемет. Ескі қала болғандықтан, жылдар бойы қордаланған проблемалары да бар. Оларды бір күнде шешу мүмкін еместігін жақсы түсінеміз. Бірақ көзге түсерлік мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек деп есептеймін», - дейді Е. Абақанов.
Жалпы есепте Петропавл қаласының қоржынында 14 ұпай бар. Бұл тізімде Астана (25 ұпай), Алматы (25 ұпай), Қарағанды (22 ұпай), Қостанай (22 ұпай), Қызылорда (20 ұпай) қалалары көш бастап тұр.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.
Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды, Астана, Қостанай қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.