«Таза қала» Степногорскіге жетті: Өндірістік қаланың бүгінгі жай-күйі
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы жаңа маусымда моноқалалардың экологиялық ахуалына басымдық береді. Бұл жолы түсірілім тобы ғылым мен өндіріс тоғысқан Степногорск қаласының тазалығы мен эстетикасы жөнінде шығарылым ұсынады.

Жабылған мәдениет үйі, сынық аялдама
Степногорск стратегиялық нысандарына байланысты КСРО-ның құпия жобаларының қатарында болған, бір кездері тіпті картада болмаған. Оған 1964 жылы қала мәртебесі беріліп, тек 1992 жылы ғана картаға енген. Ал бүгінде Степногорск – Ақмола облысындағы маңызды өндірістік және әлеуметтік-экономикалық орталықтардың бірі. Ресми дерек бойынша, халық саны 65 мыңнан асады.

Қала көшелері қарама-қайшылыққа толы, онда айнадай жарқыраған аудандарды, тіпті кітап алмасатын сөрелерді де табуға болады. Оған қоса, қаланың қақ ортасында қоқыс үйіндісі, тозығы жеткен қоқыс жәшіктері де бар. Қалаға ілінген мемлекеттік рәміздер де ескіріп, елтаңбаның бояуы солғын тартқан. Салыстырмалы түрде жаңа әрі жылы аялдаманың әйнегі шағылып, бүйірі тесіліп тұр. Субұрқақтың өзі тұрғанымен, мынадай ыстық ауа райында жұмыс істемейді. Жергілікті тұрғындар бұл фонтанның қашан істегенін де есіне түсіре алмады. Әрине, жұмыс істеп тұрған субұрқақ та табылды. Бірақ бұл орын балалардың бассейніне айналып кеткен. Бағдарлама эфирін пайдаланып, балалар қала әкімінен бассейн сұрады.

Балаларға бассейн ғана емес, мәдениет үйі де керек. Бұған дейін Степногорск қаласында екі мәдениет үйі болған. Өкінішке қарай «Мирас» мәдениет үйі 2-3 жыл бұрын жабылыпты. Басты себеп – ғимараттың апаттық жағдайы.
− Бұрын мұнда 200-ге жуық бала келетін, бишілер мен хореографтар жұмыс істейтін. Тіпті қаладағы жалғыз кинотеатр да осы жерде еді. Қонцерт залы да бар, бірақ қазір ешқайсысы жұмыс істеп тұрған жоқ. Әкімдіктің ресми жауабы – жерасты суларының ғимарат іргетасын шайып кеткені, сондықтан құлауға шақ тұр. Жарықшақтар мұнда ғана емес, тұтас ғимарат ішінде байқалады, - дейді қала тұрғыны, қоғам белсендісі Әбілхайыр Баймамбетов.

Өз кезегінде Степногорск қаласының әкімі Ғайдар Қасенов бағдарламаға арнайы сұхбат беріп, жыл соңына дейін барлық көше камерамен қамтылатынын, осылайша қаланы қирататын бұзақылардың жолы кесілетінін айтып уәде берді. Алдағы жоспарда құбырларды ауыстыру, жол жөндеу жұмыстары тұр.
Қаңыраған үйлердің иелері іздестіріліп жатыр
Еліміздегі барлық моноқаланың бір ортақ мәселесі – қаңырап бос қалған үйлер секілді. Степногорсктің 6-ықшамауданындағы тұрғын үй де сырттай бүтін көрінгенімен, тұтас үйде жан баласы тұрмайды. Қала тұрғыны Әлімхан Калтаевтың өзі дәл осы үйден 10 жыл бұрын пәтер сатып алған. Бірақ әлі күнге дейін баспанасына кіре алмай жүр.
− 90-жылдары қаладағы жылу мен жарықты өшіріп тастаған кездер болды, сондықтан адамдар кетуге мәжбүр болды. Өйткені қыс мезгілінде жарықсыз, жылусыз, сусыз тұру мүмкін емес еді. Осындай 9 қабатты 3-4 үй тез-ақ қалпына келтірілді. Ал мына үй өзгеріссіз қалды. Керемет үй, ауласын айтсаңызшы, жарық та қойылған, асфальт төселген, спорт алаңы бар. Неге ұзаққа созылғаны түсініксіз, - дейді Ә. Қалтаев.

Әкімдік те бұл жайдан хабардар, тек «Жоспарда бар, айналысып жатырмыз» деген жауаппен құтылады екен. Дегенмен 173 пәтері бар тұрғын үйдің тағдырын бағдарлама жүргізушілері әкімнің өзінен сұрады.
− Қараусыз қалған үйлер туралы сұрақ бізге жиі қойылады. Сол үйлер 25-30 жылдан бері бос тұр. Мұндағы күрделі мәселе – сол пәтерлердің иелері бар. Олар осында, Ресейде немесе тіпті шетелде тұрады. Мәселені сол пәтер иелерімен бірлесіп шешуіміз керек, - деп жауап берді әкім Ғайдар Қасенов.
Киіз үйі бар аула
Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында Степногорск қаласында 1 600 түп ағаш отырғызылған. Ал аббаттандыру жұмыстарына «Халықтық қатысу» бюджеті арқылы тұрғындардың өзі де белсене араласып жүр. Дәл осындай ұйымшыл ауданның бірінде киіз үй де орнатылған.
− 2022 жылы осындай үлкен шаңырақ соғу туралы ой келді. «Халықтық қатысу» жобасы туралы естіп, арманымды орындауға күш-жігерімді салдым. Мұндағы аула қараусыз қалған еді, кеңестік заманнан қалған сынық әткеншектер тұрды. Балаларға арналған ештеңе болмады. Сондықтан барлық буынның алаңын салу туралы идея келді. Қазір бұл шаңыраққа жас жұбайлар да, ата-әжелер де келеді. Наурыз тойын, тұсаукесер, бесікке салу рәсімдерін өткізеді, - дейді қала тұрғыны Арман Нұғыманов.

Сонымен бірге, қалада жасөспірімдерді тазалыққа шақырып жүрген спорт мектебі жұмыс істейді. Болашақ чемпиондар әзірге еліне деген сүйіспеншілігін спорттық жетістіктерімен ғана емес, тазалығымен де көрсетіп келеді.
− Біздегі әрбір спорт бөлімі айналадағы аумақтарды бөліп алған. Осылайша қыста қардан тазартып, жазда шөп жұлып, қоқыстан тазартады. Қазір «Таза Қазақстан» акциясына осындай үлес қосып жатырмыз. Спортқа жаны құмар жандардың тазалықты сүймеуі мүмкін емес. Спорт мектебіндегі 1 300 балаға осындай тәрбие мен тәртіпті сіңіріп келеміз, - деді Степногорск қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әуелбек Байкенов.
Қоқыс желмен ұшпауы үшін
Қалада қоқыс таситын 4 компания жұмыс істейді. Бұл қоқыстар желмен бірге ұшпауы үшін аулаларға жабық қоқыс контейнері қойылып жатыр.
− Мұны қазір үлгі ретінде қойып жатырмыз. Жел тұрса, қоқыстың ұшып жүрген жағдайлары жиі кездеседі. Осыған байланысты, қоқыс ұшпау үшін барлық жерде жабық типтегі контейнерлер орнату туралы шешім қабылданды. Бұл жалпы қаладағы, көшелердегі тазалықты сақтау үшін жасалған шара, - деп түсіндірді «ARB-Спецмонтаж» ЖШС басшысы Руслан Исабеков.

Бұл қоқыстың бәрі Степногорскіде жалғыз қоқыс полигонына жеткізіледі. 1998 жылы ашылған полигонға қазір күніне 100-150 куб қоқыс жеткізіледі.
− Бұл үшін алдын ала шұңқырлар қазылады және жеткізілген қоқыстар жерге көміледі. Полигон әзірге 78 пайызға толған, әйтсе де мұнда бәрі тап-таза, полигонға кірген машина шығарда дөңгелегін жуып шығады. Қоқыс уақытылы көмілгендіктен, жағымсыз иіс те жоқ, - дейді қаланың бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Әлкен Тойынбеков.

Қоқыс уақтылы көмілсе де, қалада қалдықты сұрыптау жолға қойылмағаны байқалды. Дегенмен Степногорск тұрғындары қоқысты шашуға емес, жинауға әуестеніп келеді. Олар көшеде шашылып жатқан пластик бөтелкелерді, қағаздар мен картондарды шикізатты қабылдау орталығына апарады.
− Біз қабылдау пунктінде макулатура, картон, пластик бөтелкелер, темір, шыны құтылар сынды шикізат түрлерін қабылдаймыз. Осылайша тұрғындар қоқыс та жинайды, ақша да табады. Ал біз қаламызды тазартып, одан ақша да таба алатынымызға қуанамыз, - деді Қайталама шикізатты қабылдау орнының директоры Вадим Ким.

Сарапшылар бағасы
«Таза қала» жүргізушілері Астана туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Бұл шығарылымды Астана қалалық мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының кеңесшісі Әлия Баймағанова және урбанист Бақтияр Бекенов бағалады.
− Степногорск қаласына 6 ұпай бердім. Мұнда абаттандыру жұмыстары дұрыс емес бағытта жүріп жатқанын көрдік. Кез келген жұмыстың нормалары бар, бірақ Степногорскідегі жұмыстар нормаға сай келмейді. Кей жерінде алдын ала дайындалды, қоқысын жинады дегеннің өзінде де кемшіліктер бар. Қаланың жалпы көрінісі жақсы, бірақ әлі де идеологиялық тұрғыда жастармен жұмыс істеу керек деген ойдамын, - деді Арсланбек Мағзұм.
Өз кезегінде эколог Әлия Баймағанова қалаға 4 ұпай берді.
− Көрініп тұр, Степногорск – болшағы бар қала, жасыл қала. Дегенмен ортақ идеологиясы жоқ деп ойлаймын. Әлі де көп жұмыс жасалуы керек. Сол үшін Степногорск қаласына 4 ұпай беремін, - деді ол.
Ал урбанист Бақтияр Бекенов қаланы абаттандыруға бюджет қаражаты жетпей жатқанын атап өтті.
− Жалпы қала қызметкерлерінің кейбір жұмыстары көрінеді. Бірақ менің ойымша, Степногорск қаласына бюджет жетпей жатыр. Саябақ пен абаттандыру жұмыстары үшін көп ақша керек. Ал қала тұрғындары – ашық, әділ және мейірімді адамдар. Сондықтан жалпы 6 ұпай беремін, - деді Б. Бекенов.

Осылайша, жалпы есепте Степногорск қаласы 16 ұпай алып, әзірге екінші орында тұр. Бұған дейін «Таза қала» жобасының жаңа маусымы Астана қаласынан басталған еді.
Еске сала кетсек, «Таза қала» тележобасы екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға баса назар аударып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Сондай-ақ еліміздің үш мегаполисі − Астана, Алматы мен Шымкент назарға ілігеді. Тележоба аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да көрермен назарына ұсынылмақ.
Жақында «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.