«Таза қала» тележобасы: кадр сыртындағы қызықтар
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek joly телеарнасы «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алды. Өңірлердің тазалығын бақылау сапары көне Тараз қаласынан басталды, тазалық сақшылары барлық өңірде (20 қала) болып келді. Осы орайда «Таза қала» тележобасының жүргізушілері Әнуар Карбозов және Назерке Бұрханмен түсірілім барысы, қалалардың тазалығы және алған әсері туралы әңгімелескен едік.

«Бір қуантатыны, орта буыннан жоғары азаматтардың экологиялық мәдениет көзқарасы қалыптасқан. Дегенмен экологиялық мәдениет әр өңірде әртүрлі. Мысалы, көшеде келе жатырып қоқысты жәшікке тастайтындар бар, бірақ әлі аз, дегенмен оң үрдіс бары байқалады. Тұрғындармен сұхбаттаса келе ұққанымыз, халық барын бардай айтты, яғни тазалыққа жауапты мекеме қоқысқы уақтылы алып кетеді, қоқыс контейнерлері бар, ал ауланы таза ұстау, қоқысты жәшікке тастау әр тұрғын мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының жауапкершілігі екенін біліп отыр. Бір қалада болдық, атауын айтпай-ақ қояйын, қоқыс контейнерлері бос тұр, бірақ оның айналасы қоқысқа толып жатыр», - деді Әнуар Карбозов.
Оның айтуынша, бұл мәселе екіжақты әкімдік тарапынан қадағалау жетіспейді, ал тұрғындар тарапынан экологиялық мәдениет қалыптаспаған. Ауланы таза ұстау, қоқысты шашпай жинау тұрғындардың өз қолында.

Одан әрі тележүргізушімен өңірлердегі қоқыс полигондардың жағдайы туралы сөйлестік.
«Полигондардың жұмысына қатысты өз көзіммен көрген адам ретінде 10-нан 3 деген баға берер едім. Қазір біз қоқысты сұрыптау әдетін қалыптастырып жатырмыз, бірақ сол сұрыпталған қоқысты бәрін бір КамАз-ға тиейді де полигонға апарып тастай салады», - дейді ол.
Тележобаның ерекшелігі мен ұстанымы тазалық туралы тұрғындардың өз аузынан есту.

«Қай қалаға барсақ та, халық шоғырланған жерге барып сауалнама жүргіздік. Тұрғындар тазалыққа қатысты бар шындықты айтады. Сауалнама жүргізу барысында тағы бір байқалған жайт, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен сенбілікке шығып, қаланы тазалау бір міндет секілді, сонда тұрғындардың өз бетімен ауласын, үй маңын тазалауға ынтасы жоқ па? оған не кедергі деп ойланып қаласың. Қостанай қаласында қызықты эксперимент жасадық, арбатта халық жиі жүреді ғой деп, кофенің босаған стаканы мен 1000 теңге қалдырып, сырттай бейнекамерамен бақылап отырдық. Бірнеше адам ақшаны алды, бірақ стаканды көтермей кетті. Экспериментті жалғастырдық бір кезде оқушы бала келіп, 1 мың теңгені табанымен басып, жан-жағына қарап тұр, ешкім байқамады ма, көріп қоймады ма деген секілді, біраз жалтарып тұрды. Бір кезде ақшаны қалтасына салып, тағы бір жан-жағына жалтақтап қарады да, алды-артына қарамай қашты», - деп қызықты сәтпен бөлісті Ә. Карбозов.
Әйтсе де ақшаны алып қашқан баланы тоқтатудың сәті түскен, ал тележүргізуші балаға кофе стаканын қоқысқа апарып тастағаның да тағы бір мың теңге беретін едім депті, яғни мәселе ақшада емес баланы ынталандыру.

«Мені ойға салған тағы бір күтпеген жайт болды, кезекті эксперимент кезінде жас қыз, мүмкін студент жолдағы ақшаны алып, қасындағы қоқысты көтермей кетті, біз одан себебін сұрағанда «мен неге біреудің қоқысын көтеруім керек?» деген жауап алдық, айтпағы біреудің тастаған қоқысын жинауға міндетті емеспін», - дейді ол.
«Таза қала» тележобасының жүргізушісі, әрі белсенді азамат ретінде Әнуар Карбозовқа Қостанай, Қарағанды және Қызылорда қаласының тазалығы ұнаған.
Тележоба жүргізушісі Назерке Бұрхан өңірлердің тазалығы әр қалада әртүрлі деңгейде екенін айтып отыр. Ал ерекше есте қалғаны Ақтау қаласында көшені шаңсорғышпен тазалайтыны.

«Қаланың артық-кемшін тұсын тең көрсететінімізді білесіздер. Кезінде Қаныш Сәтбаев теміржол тартқызып, дамуына бар күшін салған бір өңір бар. Сол аймақтың басты шаһарына барғанда жағамызды ұстадық. Қаланың қақ ортасында айлап жиналмай жатқан қоқысты көрдік. Ондай көрініс көп рет қайталанды. Әріптесім Әнуар жеребе бойынша шаһардың көрікті жерлерін көрсетуі керек болған, артықшылығын іздеп біраз тер төкті. Қоқыстың жиналуы, шөптің қырқылуы - қала халқы үшін жасауға болатын болмашы ғана ізгілік. Оның өзі реттелмеген соң, жергілікті биліктен үлкен дүние талап етуге дәтің бармайды. Жолдың, судың да сапасы ақсап жатты. Тұрғындар сұрай-сұрай шаршағандай көрінді», - дейді Назерке Бұрхан.
Дегенмен тележүргізушіні тазалық сапары барысында таң қалдырған жайттар болған.
«Біз Ақтөбеде көгалдандыру жұмысы жақсы жолға қойылған сауда орталығының маңайын түсірдік. Жергілікті кәсіпкер, сауда орнының басшысы жұмысшыларына арнап бау-бақша еккізген. Оның қарамағында 170-ке жуық жұмысшы бар, бақша өнімдерін сол қызметкерлеріне үлестіріп береді екен. Айналасын гүлдендіріп, көпке үлгі болып отырған, көк желектің маңызын түсінетін осындай азаматтармен әр өңірде сұхбаттасып отырдық», - дейді ол.
Еліміздің 20 өңірін аралап, қала тазалығы деңгейіне тікелей куә болған Назерке Бұрханның айтуынша, халықта жауапкершілік бар және ол өсіп келеді.

«Біз сұхбат алған тұрғындар тазалық өзінен басталатынын және экологиялық сауаттылықты арттыру керектігін жиі айтты, әсіресе өскелең ұрпақтың экологиялық санасын бүгіннен қалыптастыру маңызды деп отыр», - деп толықтырды тележүргізуші.
«Таза қала» тележобасының жүргізушісі, әрі белсенді азамат ретінде Назерке Бұрханға Өскемен, Қостанай және Ақтау қаласының тазалығы ерекше ұнаған.
Сондай-ақ, тележүргізуші өкінішке қарай, тазалық мәселесі толық шешілмеген, назар аудару керек қалаларды атап берді, ол Жезқазған, Көкшетау және Атырау.
Бұған дейін «Таза қала» жобасы аясында анықталған Қазақстанның ең таза 6 шаһарына шолу жасаған едік.
Сондай-ақ, экологиялық сана мен әдетті қалай қалыптастыру керектігі тақырыбында аналитикалық шолуды ұсындық.