«Таза қала» жобасы: Қазақстанның ең таза 6 шаһарына шолу
АСТАНА. KAZINFORM – АСТАНА. KAZINFORM – Маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek joly телеарнасы «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алған еді. Түсірілім тобы Қазақстанның облыс орталықтары мен мегаполистерін түгел аралап, қалалардың тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі. Жарты жылда журналистер 30 мың шақырым жол жүріп, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын 200-ге тарта кейіпкермен тілдесті. Осы орайда Kazinform агенттігі «Таза қала» жобасында анықталған ең таза қалалар рейтингіне шолу ұсынады.
«Таза қала» жобасының әр шығарылымында тілшілер жергілікті билік өкілдерімен сұхбаттасып, тәуелсіз эколог-сарапшылармен бірге өз бағаларын берді.
Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. Бұл елді мекендер мен жалпы өңірлердің санитарлық тазалық, экологиялық тазалық, абаттандыру бойынша объективті рейтингін жасауға мүмкіндік берді.
Астана
Осылайша, сарапшылар жасаған рейтинг нәтижесінде Астана мен Алматы 25 ұпаймен көш бастап тұр. Мамандар ел ордасы болғасын Астанаға эстетика мен абаттандыру жағынан ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Жалпы Астана таза, өмір сүруге қолайлы қала болып қалыптасып келеді. Қала расымен де білім мен ғылымның, мәдениет пен спорт орталығына айналды. Астананың туристік әлеуеті де жоғары. Сондықтан қала тазалығына ерекше көңіл бөлу керек деп есептеймін», - дейді экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов.
Астана бірте-бірте жасыл қалаға айналуда. Биыл қала аумағына ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарды отырғызуға ерекше көңіл бөлінді және 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.
Шаһар эстетикасына келсек, Астанада құрылыс қарқына жылдан-жылға артып келеді. Зәулім ғимараттар, әсем саябақтар – қала халқының мақтанышы. Дегенмен, бағдарламаға сұхбат берген блогерлер Астанада жаңа аудандардың дұрыс жоспарланбағанын сынға алды. Олар қаланың сол жағалауынан гөрі оң жағалауы өмір сүруге қолайлырақ деп есептейді.
Мегаполисте заңсыз қоқыс полигондары жиі анықталады. Жыл басынан бері қала мен оған іргелес аумақ бойынша 205 заңсыз қоқыс полигоны жойылып, 139 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Астанада қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары да жолға қойылған. Қаланың қоғамдық орындарындағы орындақтар, қоқыс жәшіктері қайта өңделген қалдықтардан әзірленеді. Ол үшін жыл сайын 200 тонна пластикті қайта өңдейді.
Алматы
«Таза қала» жобасында көш бастаған Қазақстанның ең үлкен мегаполисі – Алматы тұрғындарының экологиялық белсенділігімен көзге түсті. Мұнда тұрғындардың экологиялық сауатын ашып, қайта өңдеу жөнінде түрлі дәріс өткізетін алғашқы экохаб ашылған. Алматылықтар мұнда пластик, алюминий, шыны және табиғатқа зиянды ескі шамдарды өткізе алады. Шеберлік сабағына қатысқысы келетіндер де күннен-күнге артып келеді. Орталық қызметкерлері қайта өңделген шикізаттан құмыра, стакан, сағат, кәдесый секілді бұйымдар жасауды үйретеді.
Алматыда экологиялық философия тақырыбында кітап жазған авторлар да бар. Олардың бірі – Әйгерім Аюбек «Ақылбас» атты балаларға арналған кітап топтамасын әзірлеген. «Алма Арасандағы» кофебизнес иесі Махаддин мырза да табиғат тазалығына бей-жай қарамайды – шатқалдан бір пакет қоқыс жинап әкелген белсендіге тегін кофе береді.
Өзге қалалармен салыстырғанда Алматыда қоқысты кәдеге жарату жолдары өте көп. Мұнда экостанциялардың біріне пластик өткізіп, бонус алатын мүмкіндік бар. Оған қоса, медициналық қалдықтарды қабылдау да жолға қойылған. Тұрғындар Г санатындағы қолданылған фармацевтикалық препараттарды ауруханаға тапсыра алады.
Мұнда да өзге қалалар секілді ескі үйлерді қайта жаңғырту мәселесі өзекті. Алмалы ауданы Абай көшесінің бойындағы үйлердің тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы өткен ғасырдың 70-жылдары салынған ауласын жаңартқан. Тұрғындардың айтуынша, көршілер өздері ұйымдасып, бағдарламаға қатысуға өтініш жіберген. Демалыс орнының сән үлгісін де өздері таңдаған. Жағдайды жақсарту – әкімдікке, ал меншікке жауапкершілікпен қарау – тұрғындарға міндет. Осылайша тұрғындар қалалық «Үлгілі аула» номинациясын жеңіп алған.
Көлік жүретін жолдың сапасы, қоқыс жәшіктерінің шамадан тыс толуы секілді үлкен қаланың кішкентай мәселелері де жетерлік. Қаладағы ұзын-сонар кептеліс аңызға айналды деуге болады. Қоқысты, пластикті бөлек жинайтын контейнерлер орнатылған. Алайда бағдарлама жүргізушілері барлық қоқыстың бір көлікке тиеліп әкетілетінін көрді. Полигонға барғанда бұл қоқыс қайта сұрыпталады.
Қарағанды
Тележобадағы ең таза қалалар тізімінің 3-4 орындарында Қостанай мен Қарағанды тұр. Биыл өзінің 90 жылдығын атап өтіп жатқан Қарағанды, әсіресе оның орталық көшелері айтарлықтай таза көрінді. Мұны қолына қапшық алып, көшелерден қоқыс іздеген бағдарлама жүргізушісі растайды. Тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруға қатысты елеулі бастамалар бар. Сенбіліктер мен «таза бейсенбі» шарасы ғана емес, экологиялық квест, плоггинг және түрлі ойындар өтіп тұрады.
Ескі аулалар проблемасын шешуде белсенділік танытқан тұрғындар да бар. Мысалы, Қазыбек би шағын ауданында туып-өскен кәсіпкер Юрий Мирвода өз ауласына демалыс орнын салып беріпті. Балаларға арналған ойын алаңы да, ересектер серуендейтін шағын сквер де бар. Бұл үшін қарапайым азық-түлік дүкенінің иесі 7,5 миллион теңге жұмсаған.
Ал қаланың «Сұрыптау» шағын ауданында расымен де қоқысты сұрыптауға ықпал ететін ерекше эконауқан ұйымдастырылады. «Бес бөтелкеге – бір балмұздақ» науқаны «Таза Қазақстан» бағдарламасымен қатар ашылған. Екі күнде бір өтетін шарада 100 мыңға жуық пластик, шыны бөтелке жиналады және 20 мыңға жуық балмұздақ үлестіріледі. Акция нәтижесінде қала көшелері ретсіз қалдықтардан тазарып қалатыны түсінікті.
Жиналған қоқыс қалалық «ГорКомТранс» қайта өңдеу мекемесіне жеткізіледі. Бұл кәсіпорын пластик, полиэтилен сынды қалдықтарды жинап, канализациялық қақпақтар шығарады. Мекеме бірнеше жыл бұрын «Жасыл даму» АҚ арқылы қомақты қаражат алып, кәсібінің ауқымын кеңейткен. Өңірде қазір бес қабылдау пункті бар. Онда кәсіпкерлерге де, жеке тұлғаларға да қоқыс тапсыруға мүмкіндік қарастырылған.
Жалпы есепте Қарағанды 22 ұпай алды. Сарапшылар әсем салынған бульварлар, алаңдар, ғимараттарды жоғары бағалап, бұрынғы классика стилінде жасалғанын айтты.
Қостанай
«Таз қала» тобы Қостанайда тарихқа көз жүгіртіп, Алаш Орданың көрнекті қайраткерлері бас қосқан жерлерді аралап, тазалық деңгейін тексерді. Одан бөлек, Қостанай еліміздің өнеркәсіптік аймағы болып саналады, мұнда зауыттар мен өндіріс орындары күн санап артып келеді, аграрлы бағыт та жолға қойылған. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында да бірқатар шаруа жүзеге асырылған.
Тұрғындар арасында да қалаға бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар көп. Сексеннің сеңгіріне таяған Лариса әжей тазалықшы болып жұмыс істеген және қазір де ауланы жасыл желекке толтырып қойған. Өзекті мәселелер ретінде қаладағы жалғыз полигонның 90 пайызға толуы, шеткері аймақтағы заңсыз қоқыс үйінділері, коммуналдық қызметтердің жұмысы көрсетілді.
Ескі үйлердің сырт келбетіне қатысты да бірқатар жұмыстар бар. Соңғы үш жылда қаладағы 1937 көпқабатты үйдің жүзге жуығы жаңартылған. Биыл да бұл жұмыстар тоқтап қалмайды.
Қостанайда спорт және балалар алаңына резеңке төсеніштер шығаратын зауыт бар. Ол үшін көліктің ескі дөңгелектері қолданылады. Мекеме жылына 2,5 мың тонна шикізат өндіреді. Сұраныстың көптігіне байланысты жұмыс көлемін де арттырғысы келеді екен.
Сарапшылар Қостанай «ең таза қала» деген атқа лайық қалалардың бірі екенін, қаланың келбеті мен эстетикасы өте жақсы деңгейде екенін айтып, 22 ұпай берді.
Ақтау
«Таза қала» рейтингінің 5-6 орындарын Ақтау және Қызылорда қалалары алды. Еліміздегі жалғыз портты шаһар – Ақтау теңіздің арғы жағындағы қалалармен бәсекелесуді бастап кетіпті. Бірақ бұл жолда атқаратын жұмыс әлі де көп. Қалада «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Каспий теңізінің өзінен жылына 200 тоннаға жуық қоқыс, ал жағажайынан – 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Құрлықпен қатар Каспий де аяқ жетер жерге дейін қоқыстан тазаланады. Ол үшін арнайы сүңгуір мамандар бекітілген.
Ақтаулықтар шаңсорғышпен үйін ғана емес, көшелерін де тазалайды екен. Қаланы тұрақты түрде 400-ге жуық адам тазартады, жиырмадан астам техника бар. Олардың қатарында шаһар көшелерін тап-тұйнақтай жинайтын шаңсорғыштар да бар.
Ақтауда апельсин мен банан өсіретін қысқы бақ бар. Станислав Ли мұндай бақ құру төрт жыл бұрын қолға алыпты. Алғашында жеміс-жидек өсіріп, кейін үлкен жылыжай ашып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнын ұйымдастырыпты.
Сондай-ақ, Ақтауда жеке қаражатын жұмсап, саябақ ашқан тұрғындар да бар. Кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев тақыр жерге 6 мыңға жуық ағаш отырғызған. Қазір саябақта 20 қызметкер жұмыс істейді. Бұл жер саялы ағаштың астындағы демалыс орны ғана емес. Иелері түрлі жас өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін бар жағдайды жасаған.
Жергілікті билік жыл соңына дейін Ақтаудағы ауыз су мәселесі шешілетінін айтуда. Ол үшін алдағы уақытта Каспий су тұшыту зауытының қуаты артады. Осыған дейін үкімет резервінен Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5 млрд теңгедей қаражат бөлінген еді. Бұл қаржы саладағы соңғы технологияларды енгізуге де мүмкіндік береді.
Осылайша, жалпы есепте Ақтау қаласы 20 ұпай алып, рейтингі жоғары қалалар қатарынан табылды.
Қызылорда
«Таза қала» тележобасы Алаштың алғашқы астанасы болған Қызылорда қаласын да түсірді. Соңғы 10 жылда Қызылорданы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынып келеді. Жылдан-жылға жаңа мөлтек аудандардың саны да артып жатыр. 2017 жылдан бастап қаланың сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Қазірдің өзінде білім ордасы, жастар орталығы, саябақтар мен тұрғын үйлер көптің игілігіне берілген.
Қалада бірнеше шақырымға созылған орталық көшелер бар. Абай даңғылы – шаһардың бір басынан екінші басына созылып, басқа да көшелермен жалғасып жатқан жол. Қаланың ауқымды ойын-сауық орталығы да, саябағы, жағажай, аквапарктері де осы көшенің бойында. Халық кешқұрым осы сквердің бойында серуендейді. Дегенмен, мұнда бір де бір қоқыс кезікпеді. Бұл қызылордалықтардың тазалық мәдениетінің көрсеткіші.
Қызылордада 85 жастағы Бектай Сүлейменов еш қайтарымсыз қаланы абаттандыру, көркейту жұмыстарына атсалысады. Ақсақал бұрын агроном болып қызмет еткен және бүгінгі күнге дейін 2 миллион ағаш өсіріпті. Біразының көшеті сыр елінің көшелерінде жайқалып тұр.
Нәтижесінде сарапшылар қалаға 20 ұпай беріп, Қызылорда ауа райының қолайсыздығына, топырақ құнарының төмендігіне қарамастан, қыруар қаражат бөліп, көгалдандыруға, абаттандыруға ұмтылып жатқанын ерекше атап өтті. Мамандар қатты қалдықтарды өңдеу мен сұрыптау мәселесі басқа қалалармен ұқсас екенін, қоқыс жәшіктері мен инфрақұрылым жетіспейтінін де айтты.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.
Қарағанды мен Қостанай да жоғары көрсеткішке ие.