«Таза қала» тележобасы Қарағандыда: 90 жылдық тарихы бар шаһардың қордаланған мәселелері
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» жобасы еліміздің орталығына, қазыналы Қарағанды қаласына жетті. Өнеркәсібі мен индустриясы дамыған қаланың тазалығы қандай? Кеншілер қаласын аралап шығатын сәт туды.

Ауладағы киіз үй, атышулы Майқұдық
Биыл өзінің 90 жылдығын атап өтіп жатқан Қарағанды, әсіресе орталық көшелері айтарлықтай таза көрінді. Мұны қолына қапшық алып, көшелерден қоқыс іздеген бағдарлама жүргізушісі растайды. Тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруға қатысты елеулі бастамалар бар. Сенбіліктер мен «таза бейсенбі» шарасы ғана емес, экологиялық квест, плоггинг және түрлі ойындар өтіп тұрады.

Әсіресе, Орбита көшесіндегі ауланың тұрғындары ерекше ұйымшылдығымен көзге түсті. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін айналаны таза ұстау, ағаш пен гүл егу жұмыстарына ерекше көңіл бөледі. Әрқайсысы түрлі қызметте жүргенімен, тұрғылықты орынды абаттандыруда бәрінің үлесі тең. Ал ауладағы киіз үй – көршілер жиналыс ұйымдастыратын, қуанышын тойлайтын ортақ орынға айналған.
Дегенмен, қаланың шет аудандарында қордаланған мәселе аз емес. Түсіру тобы бірнеше жыл бұрын қылмыс пен бұзақылықтың ордасы ретінде танылған атышулы Майқұдықты аралады. Қазір жағдай оңалған. Көшелері әсемделген. Әйтсе де, «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» дегендей, кішкентай тұрғындар бар мәселені жайып салды – ауланы айнала бере, үйсіз қаңғыбастардың от жағып жылынатын, «тынығатын» орнын көрсетті.

Сол маңайдағы 13-ықшамаудан тұрғындарын алаңдататын мәселелер де толып жатқан көрінеді. Әңгімеге тартқан тұрғындардың барлығы дерлік атқарушы органдарға наразылығын білдірді.
«Үнемі жарық сөнеді, ай сайын ПИК-ке ақша төлейміз, бірақ тазалау жұмыстары жүргізілмейді, ешкім жұмыс істемейді. Қаңғыбас иттер толып жүр», - дейді тұрғындар.
Айналаны қалың шөп басқан, осы қалың шөптің арасында балалар алаңқайы орналасқан. Балалар «Таза қала» бағдарламасы арқылы әкімнен футбол алаңын салып беруді сұрады.

«Бес бөтелкеге – бір балмұздақ»
Ескі аулалар проблемасын шешуде белсенділік танытқан тұрғындар да бар. Мысалы, Қазыбек би шағын ауданында туып-өскен кәсіпкер Юрий Мирвода өз ауласына демалыс орнын салып беріпті. Балаларға арналған ойын алаңы да, ересектер серуендейтін шағын сквер де бар. Бұл үшін қарапайым азық-түлік дүкенінің иесі 7,5 миллион теңге жұмсаған.

«Бұл алаңда балалар жазда ролик тебе алады, ал қыста конькимен сырғанайды. Балаларға ыңғайлы болу үшін жарық тарттық, кешке жастар келіп демалады. Өйткені болашақ балалардың қолында. Айналасы абаттандырылған, эстетикасы келіскен аумақта өскен балақайлар жан-жағына қамқорлық сезімімен қарайды. Бұзақылық жасап жатқан балаларды көрсем, өз баламдай ұрысып аламын, байыппен ақыл да айтамын», - дейді Ю. Мирвода.
Ал қаланың «Сұрыптау» шағын ауданында расымен де қоқысты сұрыптауға ықпал ететін ерекше эконауқан ұйымдастырылады. «Бес бөтелкеге – бір балмұздақ» науқаны «Таза Қазақстан» бағдарламасымен қатар ашылған. Екі күнде бір өтетін шарада 100 мыңға жуық пластик, шыны бөтелке жиналады және 20 мыңға жуық балмұздақ үлестіріледі. Акция нәтижесінде қала көшелері ретсіз қалдықтардан тазарып қалатыны түсінікті. Онымен қоса қатысушылардың басым бөлігі балалар екені байқалады. Оларды ешкім қыстап-қинамаған, тәттіге қызығушылық тазалыққа құлшынысты оятып тұр.

Жиналған қоқыс қалалық «ГорКомТранс» қайта өңдеу мекемесіне жеткізіледі. Бұл кәсіпорын пластик, полиэтилен сынды қалдықтарды жинап, канализациялық қақпақтар шығарады. Мекеме бірнеше жыл бұрын «Жасыл даму» АҚ арқылы қомақты қаражат алып, кәсібінің ауқымын кеңейткен. Өңірде қазір бес қабылдау пункті бар. Онда кәсіпкерлерге де, жеке тұлғаларға да қоқыс тапсыруға мүмкіндік қарастырылған.
Мекеме тек бөтелкелерді ғана емес, тұрмыстық қалдықтарды да қабылдайды. Оны арнайы техникада балқытады. Осылайша, ай сайын 100 тонна қалдық қабылданады.

Жағажайдағы плоггинг
Қарағанды облысындағы ең ірі тоғанның бірі – Федоров су қоймасының жағасында туристік маусым қызып тұр. Қоқыс тастау мәселесінің де қызатын шағы осы кез. Мұнда да бағдарлама жүргізушісі қапшық алып, кішігірім сенбілік жасап шықты. Су қоймасында күнделікті 500 адам тынығады. Олардың соңынан тазалаушылар келіп, күн сайын бір жүк көлігі толған қоқыс әкетеді, оны арнайы жәшіктерден емес, жағажайдың түкпір-түкпірінен жинайды.
Бұл мәселені шешу үшін әкімдік қызық шешім ойлап тапқан. Белсенділерді, тазалыққа құмар жастардың басын қосып плоггинг жарысын ұйымдастырады. Шараның форматы қызық – жүгіріп жүріп қоқыс жинау қажет. Төреші белгілеген 20 минуттың ішінде көп қоқыс жинаған команда жеңіске жетеді.

Ерекше шараға дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Шынкеев те келді.
«Спорт пен тәрбие қатар жүреді. Өзім қазір жаттықтырушымын. Балаларды тазалыққа тәрбиелеуге тырысамыз. Мәселен, залдағы тазалаушылар кешкі 6-да үйіне кетеді. Сонда 21:00-ге дейінгі кешкі жаттығуымызды жасап, залды өзіміз жинап-тазалап кетеміз», - дейді Е. Шынкеев.
Дзюдошының көңіл-күйі жайдары. Сөз арасында әріптесі Елдос Сметовті Олимпиададағы жеңісімен құттықтап, оған «Таза Қазақстан» эстафетасын жолдады.

Басымдық қала орталығында, шет аудандар жайы не болмақ
Қаладағы №1 ЖЭО аумағындағы заңсыз қоқыс үйіндісі – кеңестік кезеңнен бері айтылып келе жатқан мәселе. Тазалаушылар жыл сайын бұл аумақты жинап алғанымен, тұрғындар қайта әкеп төгеді екен.
Қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов ЖЭО жанындағы қоқыс үйіндісін толығымен алып тастау қиын болатынын айтады.

«Сондықтан бірнеше жылға бөліп, ЖЭО маңын кезең-кезеңімен тазалауды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселеден жақсы хабардармыз, біздің басты назарымызда. Бұл жылдар бойы жиналған, қордаланған мәселе», - дейді әкім орынбасары.

Р. Қожақапанов басты назар қала орталығына бөлінетінін, содан кейін қаланың шет аудандары тұрғанын айтты.
«Біздің қаламыздың аумағы үлкен болғандықтан, қаланың шеттерінде жұмысқа кірісіп үлгермедік. Шөп ору, абаттандыру жұмыстарын биыл кешірек бастадық. Алдағы жылды облыс әкімінің тапсырмасымен «Оңтүстік-Шығыс аумағы жылы» деп атадық, яғни келер жылы ұл аумақта абаттандыру, жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстарын жандандырамыз», - деді спикер.

Сарапшылар бағасы
«Таза қала» жүргізушілері Қарағанды туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, экология саласының сарапшысы Елдос Абақанов және «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Қашқынбаев бағалады.

«Қарағанды қаласының көрінісін көрдік. Майқұдық пен қала шетін алсақ, әрине өте лас, жасалатын жұмыс көп. Орталығын қарасақ – өте таза. Кәсіпкерлер өз тарапынан қолдау көрсетіп жатыр, қоқыс тапсырғандарға балмұздақ таратады екен. Мұндай акциялар халықты қоқысты сұрыптап тапсыруға үйретеді», - дейді С. Қашқынбаев.
Сәулетші С. Рүстембеков әсем салынған бульварлар, алаңдар, ғимараттарды жоғары бағалап, бұрынғы классика стилінде жасалғанын атап өтті. Дегенмен, барлық осы көріністі Жаңа Майқұдық көріністері, үйілген қоқыс бұзып тұрғанын да жасырмады.

«Біріншіден орталық көшелердегі тазалық пен абаттандыру жағынан жақсы кадрлар көрсетілді. Ал енді қаланың жалпы мәселесіне келсек, заңсыз пайда болған үйінділер мен полигондар бар. Бұл мәселеге әкімшілік тарапынан ерекше көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Өйткені қала билігі бәрінен хабардар екенін айтты, бірақ мұны шешу үшін қандай нақты жоспар барын, қай жылы шешетінін ести алмадық», - дейді Е. Абақанов.
Жалпы есепте Қарағанды 22 ұпай алып, қалалардың тазалық рейтингінде екінші орынға жайғасты. Бұл тізімде Алматы (25 ұпай), Қызылорда (20 ұпай), Талдықорған (19 ұпай), Шымкент (18 ұпай) қалалары көш бастап тұр.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсіру тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.
Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев және Жезқазған қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.