«Таза қала» жаңа маусымда: алғашқы шығарылым Астанаға арналды

АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы шаһарлардың жай-күйін білуге және тұрғындардың сын-пікірін тыңдауға қайта кірісті. Бағдарламаның алғашқы шығарылымы еліміздің бас қаласына арналады.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

Бағдарлама барысында жүргізушілер екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпарат жинақтап, жақсы және кемшін тұстарын анықтайды. Барлық мағлұмат сарапшыларға тапсырылады және мамандар бес критирийге сүйене отырып, 10 баллдық жүйемен бағасын береді.

Астананың «Жасыл белдеуі»

Астана – заманауи сән мен қазақи сымбат үйлесім тапқан қала. Сарыарқа төсінде бой көтерген елордамызда әлемдік өркениетті табыстырған кешендер мен теңдессіз ғимараттар көп. Ал қаланы қоршаған жасыл белдеу оны шаң мен дауылдан қорғап тұр. Соның арқасында бас қаланың климаты қолайлы бола түскен.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

Астана әкімдігі Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің айтуынша, «Жасыл белдеуде» 11 млн ағаш өсіп тұр. Былтыр 200 мың көшет отырғызылса, биыл жоспар бойынша күтіп-бағу жұмыстары тұр. «Жасыл белдеу» қарқынды өсіп келеді. Аптасына 1 рет суарылады және үш рет санитарлық кесу, қырқу секілді күтім жұмыстары жүргізіледі. Мұнда үйеңкі, қайың, терек, қарағай, шырша, жабайы шие және басқа да ағаштар өседі.

Биыл Астанада 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Елордадағы 180 қоғамдық орын мен аулу абаттандырылып, «Нұрлы жол» бульвары оңтүстік пен батысқа қарай жалғаспақ. Көпшілік асыға күткен ЛРТ көшелері де көгалдандырылады.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

− LRT көпірінің астындағы аумақты абаттандыру қолға алынды. Мысалы Сығанақ көшесі Қабанбай батырдан Тәуелсіздік даңғылына дейін, «Қасбеттен қасбетке дейін» ұстанымы бойынша абаттандырылып жатыр. Бұл – жаяу жүргіншілер жолы, веложолдар, көгалдандыру және суару жұмыстары. Мұндай мысалдардың бірі – тіпті LRT көпірінің астында үлкен ағаштар егіліп жатыр. Бұл инфрақұрылымдық жобалардың көркін арттыра түседі. Бұл жұмыстар шамамен қазан-қараша айларында аяқталады, − деді Е. Базыкен.

Сонымен бірге, қаладағы екі ірі ауданда – Хан Шатырдан Ш. Айтматов көшесіне дейін, екіншісі – «Қазақ елі» алаңынан жаңа вокзалға дейінгі «Мыңжылдық» аллеясына басымдық беріледі. Биыл Greenline бульвары қолға алынды, Төле би көшесінен Ш. Айтматов көшесіне дейін «Жасыл дәліз» пайда болады.

Ағаштардың цифрлық төлқұжаты болады

Астанадағы орталық саябақта ең көне ағаш – қара терек өсіп тұр. Ол 1886-1893 жылдары Ақмола кезінде егілген. Ғасырдан астам уақыт бойы табиғаттың талай сынағына төтеп берген бұл ағаш қазір ерекше тарихтың тірі куәсіне айналып отыр. Енді елордада әрбір ағаш туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады. Биылдан бастап «Green ID» жобасы қолға алынып, жасыл желектерді цифрлық паспорттау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

Яғни, әрбір ағашқа өзі туралы толыққанды ақпарат жүктелген QR-код ілінеді. Осылайша тұрғындар QR-код арқылы ағаштың қашан егілгені, тіпті қашан суарылғаны жөнінде ақпарат алып отырады. Мұндай шара «Жастар» саябағында және «Ғашықтар» саябағында жүзеге асып жатыр.

− Біз 50-ге жуық ағашты цифрландырып үлгердік. Алдағы уақытта ылғалдық датчиктерін орнатуды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы топырақтағы макро және микроэлементтер тапшылығын уақытылы көре аламыз. Осылайша ағаштардың жағдайын бақылауда ұстаймыз, − дейді «Астанагенплан» ҒЗЖИ ЖШС ландшафтық дизайн және сәулет орталығының басшысы Гүлнұр Имамбекова.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

Қоқысқа көмілген аудандар

«Таза қала» бағдарламасының жүргізушілері Астананың аудандарын аралап, қоқыс шашылған аумақтарын көрсетті. Бұл бір жағынан жергілікті атқарушы орган жұмысының жүйесіздігін көрсетсе, екінші жағынан – тұрғындардың тазалық мәдениетінен де хабар береді. Мәселен Шұбар ықшамауданында құрылыс қалдықтарын ғана емес, төсек орындарын көруге болады. Астана – Қарағанды тас жолында металл мен шыны, құрылыс қалдықтары, тіпті көлік дөңгелегі де жатыр. «Нұрлы жол» вокзалының маңында да тұрмыстық қалдық мәселесі күйіп тұр. Бұл үшін бағдарлама жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 344-бабына сәйкес айыппұл қарастырылғанын еске салды.

Қала тұрғындарының саны артқан сайын қалдықтардың да көбеюі қалыпты дүние. Дегенмен қаланың қоқысы жеткізілетін полигон 95 пайызға толған және әкімдік түсірілім жасауға рұқсат етпеген.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

− Қазіргі таңда елордамызда қоқысты шығару жұмыстары жолға қойылған. Яғни үш компания астананың әр ауданында орналасқан қоқыс жәшіктерінен күнделікті 100 техника шығарып, 1200 тоннадан астам қоқысты полигонға жеткізеді, − деп жауап берді Астана қаласының әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Қалдықтан ресурс алатын кәсіпорын

Астанада 2011 жылы құрылған «Kazecotech FTK» кәсіпорны электр шамдары, батарейкаларды өңдеп, сынап алады және оны көрші елдерге экспорттаумен айналысады.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

− Бұл – қауіпті қалдықтар. Олар экономикалық үнемді және үнемсіз болып бөлінеді. Үнемді қалдық – қайта өңделгеннен кейін жеткілікті түрде минералды ресурстар бере алатын қалдықтар. Мәселен макулатура. Ал экономикалық үнемсіз қалдықтар да бар, оларды минерал алу үшін емес, қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіп төндірмеу үшін қайта өңдеу маңызды. Біздің мақсат – қауіпті қалдықты, атап айтқанда сынап буын алып, атмосфераның бүлінуіне жол бермеу, − деп сұхбат берді «Kazecotech FTK» ЖШС басшысы Владимир Андреев.

Қазір қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласында құрамына сынабы бар қалдықтарды қабылдайтын 609 контейнер қойылған. Тұрғындар онда люминесцентті және энергия үнемдейтін шамдарды, химиялық қуат көздері мен сынабы бар термометрлерді тастайды. Кейіннен бұл қалдықтар осы жерге жетіп, сұрыпталады.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

Аталған цехта сынабы бар қалдықтар жабық пешке салынады, реакция нәтижесінде сынап буланып шығып, арнайы конденсаторларда салқындатылады. Нәтижесінде бұл кәсіпорыннан шыққан сынап Ресейге экспортталады. Бұл экология үшін де, экономика үшін де өте маңызды.

200 үй апаттық жағдайда тұр

Салыстырмалы түрде Астананы еліміздегі жаңа қала деп санауға болады. Дей тұрғанымен қаланың ескі аудандарындағы апатты үйлер мәселесі тұрғындарды алаңдатады. Мәселен, елордада 200-ден аса үй апаттық жағдайда тұр. Илья Чехоев көшесінде орналасқан көпқабатты үй тұрғындары тозығы жеткен ғимарат туралы әкімдікке жыл сайын хабарласса да, мәселе шешілмей келе жатқанын айтты. Осы маңда үй-жайсыз қалған азаматтарды оңалту орталығы жұмыс істейді. Ондағылар да подъезде кіріп, халықтың мазасын алатын көрінеді.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

Апатты үйлер мәселесі жөнінде Астана қаласының әкімінің орынбасары Есет Байкен бағдарламаға арнайы сұхбат берді.

− Әкімдік жанында тұрғын үйлерді апатты деп тану бойынша арнайы ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. 206 ескі үйді сүріп, оның орнына саябақтар мен басқа да әлеуметтік нысандарды тұрғызу жоспарланған. Ал апатты деп танылған және сүруге жататын үйлердің тұрғындарына «Шаршыға шаршы» қағидатымен жаңа үйлерден пәтер ұсынылады. Осы жұмыс нәтижесінде биылдың өзінде мыңға жуық пәтер яғни 22 үй сүріліп, соның мыңға жуық отбасыны жаңа пәтерге көшіру көзделген, − деді қала әкімінің орынбасары.

Астана су қоймасы 55 жылдан кейін тазартылды

Бағдарламада айтылған тағы бір жаңалық – Астана су қоймасы 55 жылдан кейін алғаш рет тазартылуы болды.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

− Бұл жұмыстардың мақсаты - Астана су қоймасының түбінен 50 мың тонна лай шығару. Лай шығарған соң, қойманың жобалық көлемі 47 млн текше метрге ұлғаяды. Яғни бұл жұмыстар жоспарға сәйкес, 13 жыл бойы жалғасады. Жұмыстар жазғы және күзгі кезеңде жүргізіледі. Бұл жұмыстар үшін «Қазсушар» филиалы арнайы екі техникамен қамтылған. Ол техниканы қолдану үшін «Қазсушар» мамандары арнайы дайындықтан өткен, − дейді ҚР Су ресурстры және ирригациялар министрлігі Гидротехникалық имараттар басқармасының бас сарапшысы Сергей Добрынин.

Сарапшылар бағасы

«Таза қала» жүргізушілері Астана туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Бұл шығарылымды Астана қалалық мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының кеңесшісі Әлия Баймағанова және урбанист Бақтияр Бекенов бағалады.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Kazinform

− Соңғы жылдары экологиялық бағытта, абаттандыру бағытында үлкен жұмыс жүргізілгенін қала халқы да байқап жүр деп ойлаймын. Қазіргі таңда жергілікті коммуналдық қызметкерлер жұмысы, қала көшелерінің тазалығы жоғары деңгейде орындалып жатыр. Алдыңғы жылы қалада 1 млн 100 мыңдай жасыл желек отырғызылған еді. Жалпы қала тазалығы, халықтың мәдениеті жылдан-жылға артуда. Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы өтіп келеді. Оның да әсері бар. Өйткені әр сенбі сайын мұнда экологиялық фестивальдар мен акциялар өтеді. Сондықтан жалпы Астанаға жоғары баға беремін, −деді депутат Арсланбек Мағзұм.

Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының кеңесшісі Әлия Баймағанова жастардың сенбіліктерге өте белсенді қатысатынын, түрлі экологиялық жобаларды жасайтынын атап өтті.

− Астана қаласы өте күрделі, бірақ таза және мәдениетті қала. Менің ойымша қаланы абаттандыруға 4 ұпай беремін, коммуналдық қызмет жұмысына және көшелер тазалығына 2 ұпай бердім. Жалпы Астана қаласына осы шығарылым бойынша 8 ұпай беремін, − деді урбанист Бақтияр Бекенов.

Осылайша, жалпы есепте Астана қаласы 28 ұпай алды. Келесі шығарылым Степногорск қаласының тазалығы жөнінде болмақ.

Еске сала кетсек, былтыр көпшіліктің көңілінен шыққан «Таза қала» тележобасы екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға баса назар аударып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Сондай-ақ еліміздің үш мегаполисі — Астана, Алматы мен Шымкент назарға ілігеді.

Тележоба аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да көрермен назарына ұсынылмақ.

Бұған дейін «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді. 

Соңғы жаңалықтар