«Таза қала» жобасы Көкшетауда: Туристік мекеннің инфрақұрылымы ақсап тұр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы еліміздің солтүсік аумақтарынан репортаждар сериясын жалғастырады. Бүгінгі шығарылымда Ақмола облысының әкімшілік орталығы – Көкшетау қаласының ең көрікті жерлері мен сын көтермейтін тұстары көрсетіледі.

Қала орталығындағы жол мәселесі
Көкше – туризмге таптырмас ғажайып өлке. Сексен көлі теңгедей жарқыраған, орман-тоғайлы Сарыарқа өңірінің табиғаты әсем. Қаладағы Бұқпа шоқысында «Көкшетау» жазуы туристердің назарын аударатын ерекше орынға айналған. Алайда бұл туристік нысанға жету түсірілім тобына оңайға соқпады. Өйткені жол жоқ, жаңбырдан кейінгі көшелер батпаққа айналған.
Өткен жылы Көкшетау жолдарын жөндеуге бюджеттен 73 млрд теңге бөлінген. Бұл мың шақырым ұзындықты асфальттауға жететін қаражат. Және мұндай көрініс Көкшетауда үйреншікті саналатындай.
Қаланың орталығында да асфальт төселмеген, жауын суы жиналып қалған көшелер көптеп көзге түсті. Өйткені су ағатын арық та жоқ, құдықтар да қарастырылмаған. Оған қоса, тозығы жеткен үйлер, сұрыпталмаған қоқыс, күтімі жоқ аулалар, ескірген балалар алаңқайы да жиі байқалады.
Бағдарламаға арнайы сұхбат берген қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов орталықтағы жатақхана аулаларындағы мәселе бойынша коммуналдық қызмет мамандарын жауапқа тартатынын айтты.
«Бәрін бақылауға аламыз. Біздегі 109 қызметіне және мессенджерлерге көптеген хабарлама келіп түседі. Соның бәрін қалпына келтіруге жағдай жасап жатырмыз», - дейді әкім орынбасары.
Кесілген қайыңдар, жартылай салынған саябақ

Жалпы қалада демалыс орындары көп емес. Соның бірі «Революция үшін күресушілер саябағы». Мұндағы қалың қайың ағаштарын спорт алаңдарын, самалжайлар саламыз деген желеумен тамырымен кесіп алып тастаған. Содан бері 5 жыл өтсе, жоба толығымен жүзеге аспаған. Қазір ағаш та жоқ, қиялдағы тынығу алаңын арам шөп басып жатыр.
«Бұл жұмыстарды аяқтау үшін есептеу жүргізіп, 2 млрд теңге қажет болып тұрғанын анықтадық. Өзіңіз білесіз бұл саябақ 10 жыл бойы қаншама бейнет көрді, мердігер ауысты, қаражат болмады. Қазір аз ғана жұмыстар қалды», - деп түсіндірді Д. Жүнісов.

Расында да саябақтағы жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Спортқа қызығушылар қатары да толастамайды. Еліміз бойынша ең үлкен скейтборд алаңы дәл осында орналасқан. Оның аумағы 1200 шаршы метрді құрайды.

Қопа көліне кәріз суы құйылып жатыр
Көкше жерінде тау да бар, көл де бар, орман да бар, бірақ мәселелері де жетерлік. Экология жанашыры, биология ғылымдарының докторы Әбілжан Құсайынов өңірдің өзге де кемшін тұстарын көрсетті. Оның айтуынша, әкімдік Қопа көлі айналасындағы жағадайды да абаттандыруды бастаған және аяқсыз тастаған.
«Бұл расында да жақсы бастама, халыққа тамаша болар еді. Жоба бойынша бұл жағажай жаңа салынып жатқан Сарыарқа шағынауданына дейін жетуі керек еді. Бұл да аяқталмады. Кәріз жүйесінің суы қазір де осы көлге құйылып жатыр, тіпті тазаланбай құйылады», - деді Ә. Құсайынов.
Әбілжан Тоқанұлы көше бойындағы опырылып жатқан төбешікті де көрсетті. Қаланың ерекше жер бедерін сақтаудың орнына жергілікті билік ойын-сауық орталығын салуды жоспарлаған.
Ескі үйлер мәселесі

Көкшетаудағы Абай-Пушкин көшелерінің қиылысындағы ескі үйлердің тұрғындары бағдарламаға хабарласып, базынасын жеткізді. Мұндағы көпқабатты баспана 1960-жылдары тұрғызылған. Жыл сайын жылу жүйесімен мәселе туындап, қысқа дайын емес болып шығады. Биыл шатырынан да су кетіп, жоғары қабаттағы тұрғындардың мазасын қашырып отыр. Бұл жұмысты қолға алатын коммуналдық қызмет жоқ.
Тұрғындар кәріз жүйесінен су ағып жататынын, соның кесірінен жағымсыз иіс пайда болатынын жеткізді. Әсіресе, жазда терезені ашқанда дем алу мүмкін емес. Кәріз жүйесін тексеру үшін жертөлеге түсу де мүмкін болмады – қаптаған маса мен қолқаны қапқан жағымсыз иіс түсірілім тобына кедергі келтірді.
Үйдің қос қанатында спорт комитетінің ғимараты мен гараж жапсарлас салынған. Тұрғындардың айтуынша осы нысандар ғана үй қаңқасының құлап, опырылып түспеуі үшін тірек болып тұр. Аулада тіпті ағаштар да құлайын деп тұр.
Ал М. Әуезов көшесіндегі үйлердің қоқыс жәшіктері тұрғындарды әбден титықтатқан. Жаңбыр жауса бұл жерге жақындау мүмкін емес. Бірер күн бұрын жауған жауын суы қазір де кедергі келтіріп тұр. Оның үстіне тазалық мекемесі де өз жұмысын жүйелі атқармайтын көрінеді.
Өз жауабында Д. Жүнісов қалада 500-ге жуық осындай үй бар екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда жылыту маусымына дайындық кезінде 235 үйге конкурс өткізейін деп жатырмыз. Комиссия құрамы бекітілді, тікелей өзіміз басқарушы компанияны таңдаймыз», - деп уәде берді қала әкімінің орынбасары.
«Халық қатысатын бюджет» аулаларды жаңартуға көмектеседі

Аулаларды дамытып, әсем кейіпке жетелеп жүрген белсенділер жетерлік мұнда. Соның бірі қалалық мәслихат депутаты Рүстем Тұғжанов қалада “Балықшылар аллеясын” орнатып, жақын маңдағы аулада абаттандыру жұмыстарын бастап кеткен.
«Кез келген тұрғын өз пәтерінен шығып, таза асфальпен жүруі керек, таза гүлзардың жанынан өтуі керек. Аялдамаға көтеріңкі көңіл-күйде жеткенін қалаймын. Жұмысы аяқталған соң, үйге кіргенде киімі таза болуы қажет. Мұнда балалар алаңын және спорт алаңқайын салу қажет болды. Су тасқыны да осы аймақта орын алды. Сондықтан біз абаттандыруды жалғастыруды ұйғардық», - дейді Рүстем Тұғжанов.
Вокзал маңындағы шағынаудан аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, заманауи ойын алаңдары да орнатылған. Бір ауланың өзінде 150-ге жуық бала тұрады. Енді олар бос уақытын жап-жаңа тынығу алаңдарында өткізеді.
Көкшетауда тұрғын үйді басқарушы компаниялардың да жұмысы жолға қойылған. Тұрғын үйді басқару компаниясының басшысы Влад Горбачев иелік ететін мекеме «халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы екі бірдей шағын ауданға футбол, ойын алаңдарын салып берген. Юбилейный және Боровской аталатын аудандарды алдағы жылдары түгелдей заманауи кейіпке келтіреміз дейді.
«Біз үйді толығымен қамтамасыз етеміз. Бұл қатарда инженерлік құрылым да,коммуникация да бар. Яғни әрбір тұрғында сумен, жылумен, кәріз жүйесімен, электр энергиясымен мәселе болмауы керек. Осы 2 жылда 4 ауланы абаттандырдық. Спорт кешендерін қоссақ, 6 аула болады. Алдағы 5 жылда аумақтағы екі шағын ауданды толығымен жаңғыртамыз. Осындай балалар алаңын саламыз», - дейді В. Горбачев.
Қаланың қоқысы қалай өңделеді

Алдағы жылдары Көкшетаудың қоқысы дер кезінде жиналып қана қоймай, сұрыпталып, қайта өңделеді. Өңірдегі «Eko DUMP» тазалық мекемесі осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеткен.
Қалдықтарды тиеген көлік қала сыртындағы арнайы полигонға келеді. Онда қоқысты сығымдап, бөлек жинайды. Ал алдағы бірнеше жылда қайта өңделетін шикізаттан жаңа өнім шығарылмақ.
«Экология министрлігінің «Жасыл даму» АҚ бағдарламасы аясында биыл алғаш рет 200 млрд теңге бөлінді. Ол қаражат елімізде қоқысты сұрыптайтын және қайта өңдейтін мекемелердің құрылысына жұмсалады. Оған біздің компания да қатысты. Бірінші кезеңнен сәтті өттік. Қазір екінші кезеңге құжат дайындап жатырмыз. Көкшетау қаласында және Зеренді, Бурабай аудандарында қоқысты сұрыптайтын және қайта өңдейтін 3 кешен салу жоспарда бар», - дейді мекеме басшысы Мәриям Әбішева.

Мәриям басқаратын мекеме осылайша жылына 200 мыңға жуық қоқысты қайты өңдеуді жоспарлап отыр. Бұл қаладағы қалдық мәселесін ретке келтіруге едәуір септігін тигізетіні сөзсіз.
Сондай-ақ, мекеме тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруда көрмелер, сенбіліктерді, түрлі акцияларды ұйымдастырып тұрады. Ірі қоқыстарды да тегін қабылдайды.
«Біз ұйымдастырған шараға қатысушылар айналаны қоқыстан тазартқысы келеді. Және бұл туралы бәріне насихат жүргізіп, табиғатқа демалуға шыққан адамдарға «Өзіңізден кейін неге тазартып жүрмейсіз?» деп айтатын болды. Демалысқа шыққан бір топ адам қоқыс жинамаса, біздің шараға қатысқандар оларға барып ескерту жасайды», - дейді М. Әбішева.
Сарапшылар қаланы төмен бағалады

«Таза қала» жүргізушілері Петропавл қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған экологиялық кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов және эколог, «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Тельман бағалады.
«Көкшетау – еліміздегі ерекше қала. Қаланы жарып өтетін екі өзен бар. Мұндай қала Қазақстанда кездеспейді. Қопаның жағажайы тек қана басталған, басқа бөлігі сол қалпы жатыр. Өте өкінішті. Көкшетаудың тазалығын жоғары бағаладым, ал коммуналдық қызмет жұмысы төмен, тіпті асфальт көрмеген көшелерді көрдік. Сол әрине бағаны төмендетіп жіберді», - деді Серік Рүстембеков.
Елдос Абақановтың айтуынша, қаланың орталығы өте әдемі абаттанған, алайда сыртқы жағында, жеке секторда жол мәселесі, сумен қамту, тазалық мәселелері өте күрделі болып отыр.
«Жері құнарлы болғандықтан, қаланы жасыл желекке толтыруға болар еді. Алайда тозығы жеткен, дұрыс басқарылмайтын саябақтарды көрдік. Осыған ерекше көңіл аударылуы керек», - деді спикер.
«Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Тельман да қоқысты басқару жағынан, тазалығы жағынан жұмыстардың сапасын төмендеу екенін атап өтті. Көкшетаудың шағын, жайлы, әдемі қала болатын әлеуеті бар. Қазіргі кезде қаланың жағдайы жайлылыққа сай келмей тұр.
Жалпы есепте Көкшетау қаласы 14 ұпай алды. Бұл тізімде Астана (25 ұпай), Алматы (25 ұпай), Қарағанды (22 ұпай), Қостанай (22 ұпай), Қызылорда (20 ұпай) қалалары көш бастап тұр. Ал антирекорд – 11 ұпай жинаған Өскемен қаласында.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты.
Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.
Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды, Астана, Қостанай, Петропавл қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.