«Таза қала» жобасы Қостанай қаласының тазалығын тексерді

АСТАНА. KAZINFORM – «Таза қала» тележобасы қонақжай Қостанай қаласынан кезекті шығарылым ұсынады. Бұл жолы түсіру тобы тарихқа көз жүгіртіп, бір кездері Алаш Орданың көрнекті қайраткерлері бас қосқан жерлерді аралап, тазалық деңгейін тексерді. Мұнда жүргізушілер екіге бөлініп, қаланың көрікті әрі көңіл көншітпейтін тұстарын көрсетеді. 

Қостанай
Фото: Jibek Joly

Тарихи нысандар, белсенді тұрғындар

Қостанай еліміздің өнеркәсіптік аймағы болып саналады, мұнда зауыттар мен өндіріс орындары күн санап артып келеді, аграрлы бағыт та жолға қойылған. Жаңа жұмыс орындары мен табысы көбейген тұрғындардың тазалыққа, эстетикаға құмарлығы да артып келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бірқатар шаруа жүзеге асырылған. 

Қостанай
Фото: Jibek Joly

Бүгінгі шығарылымда белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев қала эстетикасын айқындайтын, тарихи мән-маңызы бар ғасырлық ғимараттарды таныстырды. Оның айтуынша, қалада үш заманның ғимараттары бір-бірімен үйлесім тауып тұр. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

«Марал Ишан мешітін 131 жыл бұрын сол кездің ауқатты адамдары ашқан. 1930-жылдары Кеңес үкіметі келген соң мешітті жұмысшылар клубына айналдырды, одан кейін кинотеатр болды, тіпті 90-жылға дейін филармония болды. Содан кейін ғана халыққа қайтарылып, 60 жылдан кейін қайтадан мешіт ашылды. Бұл ғимарат қаншама тарихты басынан кешірген, қазір де сәулетімен қалаға сән қосып тұр», - дейді айтыскер ақын.

Ескі үйлердің сырт келбетіне қатысты да бірқатар жұмыстар бар. Соңғы үш жылда қаладағы 1937 көпқабатты үйдің жүзге жуығы жаңартылған. Биыл да бұл жұмыстар тоқтап қалмайды. Сонымен бірге, Қостанайдағы «Тобыл» футбол клубының бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев бағдарламаға арнайы қатысты. Белгілі футболшы қала орталығындағы саябақта жиі демалатынын атап өтті. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

«Осы жер өте әдемі. Биыл мұнда төсеніштерді, сәкілерді жаңартты. Жаңа жарықшамдар орнатты. Осылайша, өте жайлы орынға айналды», - дейді Н.Жұмасқалиев.

Тұрғындар арасында да қалаға бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар көп. Сексеннің сеңгіріне таяған Лариса әжей тазалықшы болып жұмыс істеген және қазір де ауланы жасыл желекке толтырып қойған. Өз күшімен гүл еккен, сән беру үшін түрлі бұйымдарды әкелген. Лариса Владимировна өз ісін ешуақытта пұлдаған емес. Оны жетелейтін бір ғана идея – өмір сүретін ортасы қандай болса, адам да дәл сондай. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

«Мұны үйіміздің жанынан өтетін әрбір адам үшін жасаймын. Тазалықты жақсы көремін, мен тұратын жер, жұмыс істейтін жер өте таза болуы керек. Менің бағымда шырайгүл, лалагүл, қараот, раушан, қашқаргүл бар. Флорист емеспін, қарапайым адаммын», - дейді Лариса Лебедева.

Қаланың қоқыс полигоны 90% толды

Қостанайда туған қаланың тазалығын бірінші орынға қоятын жандар расымен көп. Солардың бірі Ольга Княгина орталықтағы шағын аудандардың бірінде тұрады екен.

«Бұл қаланың қақ ортасында орналасқан аула. Орталық саябақ, әкімдік, ТҮКШ – бәрі жақын маңда орналасқан. Ал мұнда тазалықшы жоқ, ауладағы шөпті ешқашан отамайды. Оған қоса, ескі әткеншектерді көріп тұрсыз. Балалардың мұнда ойнап жатқанын ешқашан көрген емеспін», - дейді Ольга.

Кейінірек Ольга түсірілім тобын қаланың қоқыс полигонына алып барды. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

«Қаланың үлкен мәселесі – қоқыс полигонының 90 пайызға толып қалғаны. Менің білуімше жаңа полигонға жер бөлінбеген. Енді мына қоқысты не істейтінімізді шешу керек. Алайда әзірге еш шешім естімедім», - дейді қала тұрғыны.

Бағдарламаға сұхбат берген облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл жайттан хабардар екенін айтты. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

«Бізде жалғыз ғана полигонымыз бар. Әрине оны кеңейту керек. Бірақ ол болашақтағы жұмысымыз. Ірі қоқыстарды заң бойынша азаматтар өздері шығаруы керек. Қалған қоқыстарды коммуналдық мекемелер уақытында шығарып тұрады», - деді облыс әкімі.

Қала сыртындағы қоқыс үйінділері

Тұрғындар Қостанайдың Жылыжай комбинаты аумағында заңсыз қоқыс үйінділері бар екенін айтуда. Қала шеті болғасын аса мән берілмей ме, әлде қоқыс жәшігі жетпеген бе – мұнда да адамдар тұрып жатқандықтан, көз жұма қарауға болмайды. Бұл аумақта көп қабатты баспаналар да, жеке сектор да бар. Алайда аумақтың тұрғындары мұның сырттан келген қалдықтар екенін айтты.

«Қоқысты көлікпен әкеп тастайтынын қаншама рет көрдім. Тұрғындар арбаға салып әкелмейді ғой. Мұнда бейнебақылау камерасы жоқ. Мына жерде лай су көрініп тұр, бұл да қаладан келеді. Кәріз суының иісін сезіп тұрсыз ба? Қазір азайған, бұрын көп болатын», - дейді тұрғын Владимир Яковлев.

Қайдан келгені белгісіз лас судың қайда кетіп бара жатқаны да түсініксіз. Бейнекадрларда қоқыс жәшігі жанында шашылып жатқан үйінді де байқалады. Бұған жауап ретінде облыс әкімі Қ.Ақсақалов әр жерде қоқыс тастамау үшін камералар орнату керектігін, биыл мыңнан аса түрлі камералар орнатылғанын айтуда.

Көлік дөңгелегінен алаңқай төсеніштеріне дейін

Қостанайда спорт және балалар алаңына резеңке төсеніштер шығаратын зауыт бар. Ол үшін көліктің ескі дөңгелектері қолданылады. Мекеме жылына 2,5 мың тонна шикізат өндіреді. Сұраныстың көптігіне байланысты жұмыс көлемін де арттырғысы келеді екен. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

«Қазір үлкен көлемді дөңгелектерді қайта өңдеу біршама еңбекті қажет етеді. Осыған орай, «Жасыл даму» ұйымының көмегіне жүгіндік. Мемлекет ұсынған арнайы бағдарлама арқылы 3 пайыз үстемемен несие алдық. Бұл қаржыны үлкен көлемдегі өнім өңдеуді жеңілдетуге жұмсаймыз», - дейді мекеме басшысы Ринат Ишбулатов.

Кәсіпорын «Жасыл дамудан» алған қосымша қаражатқа ірі дөңгелекті ұсақтайтын қондырғы сатып алады. Сәйкесінше өндіріс көлемін үш есе арттырады.

Сарапшылар бағасы

«Таза қала» жүргізушілері Қостанай қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин және эколог, «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Қашқынбаев бағалады.

«Бұған дейін Қостанайды басқа күйде көрген едім, қазіргі жағдайы жер мен көктей. Ең жоғарғы бағаны тазалағына беріп отырмын. Тек қана қаланың коммуналдық қызметіне ғана емес, жергілікті тұрғындардың да қала тазалығына көп мән беретіні байқалып тұр. Ал енді көңілімізді түсіргені – қоқыс полигонының жайы. Шынын айтқанда Қостанайдың тазалық деңгейін өте жоғары деп есептеймін», - дейді С.Рүстембеков.

Эколог Сәбит Қашқынбев қоқыс полигонының толуына қалдықты сұрыптамай тастау ықпал еткенін атап өтті. Бұл үшін сұрыптау мен қайта өңдеу зауытын құру керек. 

қостанай
Фото: Jibek Joly

«Барлық өңірлермен салыстырғанда Қостанай «ең таза қала» деген атқа лайық қалалардың бірі. Көк желекке оранған, көшелері таза. Ал қаланың келбеті мен эстетикасы өте жақсы деңгейде. Дегенмен қоқыс полигоны, қаланың қоқыстарының тазартылуы, коммуналдық қызметтеріне қойылатын сұрақтар бар. Олар да жүре келе шешіледі деп ойлаймын», - деді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин.

Жалпы есепте Қостанай қаласы 22 ұпай алып, қалалардың тазалық рейтингінде алдыңғы қатарға шықты. Бұл тізімде Астана (25 ұпай), Алматы (25 ұпай), Қарағанды (22 ұпай), Қызылорда (20 ұпай), Талдықорған (19 ұпай), Шымкент (18 ұпай) қалалары көш бастап тұр.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады. Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған және Қонаев қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.

Соңғы жаңалықтар