Тәжікстан 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді жоспарлап отыр
АСТАНА.KAZINFORM — Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үкіметке 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Биылғы жолдауында ол Тәжікстанның білім беру жүйесін бірыңғай халықаралық кеңістікке тез интеграциялау мақсатында ел астанасындағы жоғары оқу орындары үшін кредиттік жүйеге көшу 2004 жылы басталғанын, ал 2014 жылы осы оқу орындарының барлығы аталмыш жүйеге ауыстырылғанын атап өтті. Сондықтан бұл жүйенің артықшылығы мен кемшіліктерін талдап, бағалау уақыты келді.
— Талдауға сәйкес, алдағы 25 жылда Тәжікстандағы студенттер саны төрт миллионға жетеді. Сондықтан біз қазір көбірек мұғалімдерді даярлау, білім беру мекемелерін салу және білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, яғни 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу үшін шаралар қабылдауымыз керек, — деп атап өтті Эмомали Рахмон.
Ол ел үкіметіне 2030 жылға дейінгі Ұлттық білім беруді дамыту стратегиясын іске асыруды кешенді түрде қарастыруды және оны жаңа мақсаттарға сәйкес жетілдіруді тапсырды.
— Біз мемлекет пен ұлттың болашағы білімді, сауатты, өз мамандығын жетік меңгерген, білімі мен мәдениеті жеткілікті, фанатизмнен ада, патриотизм рухында тәрбиеленген және ұлттық сезімі мықты ұрпаққа тікелей байланысты екенін есте ұстауымыз керек, — деді Тәжікстан басшысы.
Біз бұған дейін Тәжікстанда алдағы бес жылда 1,4 миллион жұмыс орны құрылатыны туралы хабарлаған едік.