Тәжікстанда күштік құрылымдарда кадрлық өзгеріс жүргізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан Республикасының басшысы елдің күштік құрылымдарында кадрлық өзгерістер жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Тәжікстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қаңтарда Эмомали Рахмон Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық гвардияда, Шекара әскерлерінде, Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде, сондай-ақ Әділет министрлігінің Қылмыстық жазаларды орындау бас басқармасында бірқатар кадрлық тағайындаулар жүргізген.
— Аталған күштік құрылымдардың әскери бөлімдері мен бөлімшелерінің командалық құрамына жас, дарынды, жоғары білікті және отаншыл кадрлар тағайындалды, — деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
Эмомали Рахмон өз сөзінде өңірдегі және әлемдегі жағдайға байланысты Қарулы күштердің, әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік даярлығының жай-күйін талдап, талқылады және нақты міндеттер қойды.
Мемлекеттік шекараны қорғауға, жауынгерлік әзірлікті арттыруға, шетел тілдерін меңгеруге, заманауи әскери техниканы игеруге, сондай-ақ командирлер мен әскери қызметшілер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ерекше назар аударылды.
Бұған дейін тәжік-ауған шекарасында төрт жаңа шекара заставасы ашылғаны хабарланған болатын.