Тәжікстанда Наурыздың халықаралық орталығы құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстанда Наурыздың халықаралық орталығы құрылады. Бұл туралы ел президенті Эмомали Рахмон жыл сайынғы парламентке Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Мемлекет басшысы бай гуманистік салт-дәстүрлер, соның ішінде Наурыз – ата-бабадан қалған бірегей мұра екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл құндылықтарды терең зерттеп, болашақ ұрпаққа рухани қазына ретінде аманаттау қажет. Э.Рахмон Наурызды тек халықтық мереке ғана емес, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан гуманизмді, ұрпақтар сабақтастығын және рухани құндылықтарды бейнелейтін мәңгілік философия деп сипаттады.
– Тарихи жадты жаңғырту азаматтардың, әсіресе ұлт пен мемлекеттің болашағы саналатын жастардың ұлттық санасын нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деді Тәжікстан президенті.
Жаңа орталық Наурыз тарихи жад пен рухани мұраның ажырамас бөлігі саналатын елдердің ғалымдары, зерттеушілері мен мәдениет қайраткерлерін біріктіретін халықаралық алаңға айналмақ.
Тәжікстанның Ұлттық ғылым академиясына, сондай-ақ өзге де ғылыми-зерттеу және жобалық мекемелерге ғалымдар мен мамандарды тарта отырып, Наурыздың халықаралық орталығының тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Наурыз мейрамын кеңінен дәріптеуіміз керек екенін айтты.