Тәжікстанда заңсыз майнингке қылмыстық жаза енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан заңсыз виртуалды активтерді өндіруге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізеді. Ел парламенті тиісті түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

майнинг
Фото: ASIA-Plus

Қылмыстық кодекстің жаңа 253(2)-бабы «Виртуалды актив өндіру үшін электр энергиясын заңсыз пайдалану» деп аталады. Бап үш бөліктен тұрады және 15-тен 75 мың сомониге дейінгі (шамамен 1,6-8 мың АҚШ доллары) айыппұл немесе 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Криптовалюта майнингі үшін электр энергиясын заңсыз пайдаланған жеке тұлғалар үшін 15-37 мың сомони көлемінде айыппұл белгіленген.

Ал алдын ала сөз байласқан топ үшін 37-75 мың сомони айыппұл немесе 2-5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

«Өзге ірі көлемде» электр энергиясын заңсыз пайдаланған ұйымдасқан топ мүшелері 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Парламенттегі талқылау барысында Тәжікстанның бас прокуроры Хабибулло Вохидзода майнинг фермаларының заңсыз жұмысы елдегі электр энергиясы тапшылығын күшейтіп, қылмыс санының артуына әсер еткенін айтты.

«Виртуалды активтердің заңсыз айналымы электр энергиясын ұрлау, мемлекетке материалдық шығын келтіру, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және өзге де құқықбұзушылықтарды жасауға жол ашады», – деді Х. Вохидзода.

Айта кетейік, Түрікменстан майнинг пен криптовалюта биржаларының қызметін заңдастырды.

Соңғы жаңалықтар