Тәжікстандағы парламент сайлауын ЕҚЫҰ байқаушылары қадағаламайды
ДУШАНБЕ. KAZINFORM – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Тәжікстандағы парламент сайлауын қадағалайтын байқаушылар миссиясын тоқтатуға мәжбүр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

– Сайлауға бір айдан аз уақыт қалды. Бұл ретте біздің байқаушыларға ресми кепілдіктің берілмеуі бақылау жүргізу миссиясын күрделендіре түсті, - деп мәлім етті ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан.
Айта кетейік, Тәжікстан парламентінің төменгі палатасына депутаттарды сайлау 2 наурызға жоспарланса, жоғары палатадағы саяси дода 28 наурызға белгіленген.
– Сайлауды бақылау миссиясы 22 қаңтарда ашылғанымен, Душанбедегі сарапшылар тобы жұмысқа кірісе алмады. Байқаушыларды тіркеудің ұзаққа созылуы қадағалау процесін ұйымдастыруға айтарлықтай әсер етті, - делінген Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан стратегиялық қарым-қатынастар шеңберінде гуманитарлық көмек көрсетіп, Тәжікстанға 5 мың тонна мазут пен азық-түлік жіберді.
Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан таяуда шекара мәселемін келісті.