ТБУБ-ты Қазақстанда орналастыру туралы МАГАТЭ-мен келісім - жаһандық ауқымдағы оқиға - Н.Назарбаев

«Орталық Азияда ядросыз аймақ құру арқылы біз орнықты әлем географиясын қалыптастыруға шақырамыз. Бұл - Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада алты ядросыз аймақ кеңістігін кеңейту деген сөз. Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда орналастыру туралы МАГАТЭ-мен келісімге 2015 жылы қол қойылуы маңызды қадам болды. Бұл - жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдалану ісіндегі маңызды шара ретінде бағалауы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі халықаралық келіссөздер үдерісіне Қазақстан әрдайым қолдау көрсетіп, оған іс жүзінде қомақты үлес қосқанын атап өтті.
Қазақстан Президенті біздің ел Жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге белсене қатысуды маңызды санайтынына назар аударды.
«Ажал себетін қаруларды ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхит табаны мен бейтарап суларында, сондай-ақ Арктикада орналастыруға тыйым салатын іргелі шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып жою қаруларының жаңа түрлерін жасауға қолдануды тыю жөніндегі халықаралық келісім мен БҰҰ реестрін әзірлеген жөн», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.