Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге баж салығы мен шектеулер енгізді

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның ұлттық қауіпсіздік және халықаралық саясат комитеті Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден баж салығын алу жөніндегі жоспарды мақұлдады, деп хабарлайды The Wall Sreet Journal.

Иран, мұнай, танкер, Ормуз бұғазы
Фото: mykn.kuehne-nagel.com

Жаңа тәртіпке сәйкес, АҚШ-пен, Израильмен немесе бұған дейін Иранға қарсы біржақты санкциялар енгізген елдермен байланысты кемелердің бұғаз арқылы өтуіне тыйым салынады. Баж салығын иран риалымен төлеу талап етіледі.

Бұған дейін АҚШ пен Израильдің әскери операциясы басталғаннан кейін Иран бұғазды жауып, коммерциялық кемелер бірнеше рет ұшқышсыз аппараттардың шабуылына ұшыраған еді.

25 наурыздан бастап бұғаз арқылы тек «достас елдердің» кемелеріне ғана өтуге рұқсат берілді. Олардың қатарында Ресей, Үндістан, Ирак, Қытай және Пәкістан бар.

Еске салайық, 22 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт берген еді. Ол егер бұғаз кеме қатынасы үшін ашылмаса, АҚШ қарулы күштері белгілі бір нысандарға соққы жасайтынын ескерткен.

Әлемдік мұнай тұтынуының шамамен 20 пайызы, яғни тәулігіне шамамен 20 миллион баррель мұнай өтетін Ормуз бұғазы мұнай жеткізу тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Алайда қазіргі кезде бұл бұғаздағы қозғалыс іс жүзінде тоқтап қалған.

21 наурызда Америка Құрама Штаттары 20 наурызға дейін танкерлерге тиелген Иран мұнайын сату және тасымалдау операцияларын жүргізуге рұқсат берді. Тиісті шешім Шетелдік активтерді бақылау басқармасы жариялаған бас лицензияда бекітілген.

Соңғы жаңалықтар