Тегін берілетін жер телімдерінің кезегі неліктен баяу — депутат жауабы
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек азаматтардың тегін алуға құқығы бар жер телімдерінің берілу тәртібін түсіндірді.
Депутат жер учаскелерін беру нормалары Жер кодексінің 50-бабында көрсетілгенін атап өтті. Ол бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшiн — 0,10 гектар, ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн — суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар, бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн — 0,12 гектар жер ақысыз беріледі.
— Бірақ Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдері тізім бойынша беріледі. Ол тізімді арнайы есеп деп атайды. Жер босаған жағдайда ол беріле салмайды, су және электр желісі жүргізілуі тиіс. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу керек. 2022-2023 жылдары 53 мың учаскеге 40 млрд теңге бөлінген болатын. 2023-2024 жылдары 50 млрд теңге бөлінді. Кейін бюджет тапшылығы пайда болып, бюджет ақшасы қысқартылды, енді 10 мың учаскеге қаражат бөлініп отыр. Ол — жеткіліксіз. Сондықтан алдағы уақытта бюжетті талқылау барысында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бөлінетін қаражатты көбейтуді талап етеміз, — деді ол.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, қазір тұрғындарға бос учаске берілсе, сол азаматтардың өздері жағдай жасалмағанына шағым білдіреді.
— Адамдарға бос даланы бере салмайды. Алдымен, адамдардың қолайлы тұруына жағдай жасалуы тиіс. Ал бұл жерлерде су және электр желілерін тарту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу керек, кейін бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарға өзгеріс енгізуіміз керек. Одан бөлек құрылыс жұмыстары жүргізіледі — мұның барлығы үлкен қаражатты талап етеді, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда тегін 10 сотық жер беру тоқтатылғанын жазғанбыз.