Телеграфтан цифрлық платформаға дейін: Kazinform жұмысы қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін 13 тамызда еліміздегі ең көне медиаресурстарының бірі — Kazinform халықаралық ақпарат агенттігіне 105 жыл толды. Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік әрі халықаралық мәртебесі бар агенттік ғасырдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде мүлтіксіз еңбек етіп келеді. Мерейтой аясында агенттіктің продюсері Қаламқас Әбуова, басқарушы директордың орынбасары — қазақ редакциясының бас редакторы Нағашыбек Алдан және халықаралық жаңалықтар қызметінің жетекшісі Жұлдыз Атагелдиева агенттіктің дамуы, медиакеңістіктегі рөлі мен алдағы жоспары жайлы көзқарастарын айтып берді.

1937 жылы бес бас редактор атылып кеткен — Архив деректері
Kazinform сенімді, сапалы ақпарат таратуда ғана емес, тарихын түгендей бастаған ақпарат құралдарының да алдыңғы қатарында тұр. Агенттіктің ардагері Қаламқас Әбуова бұл ұжымда 30 жылға жуық еңбек етіп келеді және үш жыл бойы Орынбор, Мәскеу, Қызылорда, Алматы архивтеріндегі агенттіктің маңызды тарихи құжаттары мен фотосуреттерін жинақтаумен айналысып жүр. Әсіресе, агенттіктің 1920 жылы 13 тамызда құрылғанын айғақтайтын басты құжат табылғанын айтады.

— Алғашқы қазақ ақпарат агенттігі 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде ашылғанын білеміз. Ғасырдан астам уақытта оның атауы неше рет өзгерді, кеңсесі қаладан-қалаға ауысып отырды. Бірақ бүгінгі күнге дейін агенттіктің тарихы мен нақты құжаттарын ешкім жинақтамаған. Біз 2022 жылы ҚР Президентінің телерадиокешенінің құрамына қосылғанда, бас директор арнайы тапсырма беріп, архивтерге жібере бастады. Бір қызығы, КСРО құрамында болған басқа мемлекеттердің ақпарат агенттіктері мұндай іздестіру жұмыстарын әлі бастамаған екен. Сондықтан Президент Телерадиокешенінің қолдауымен мемлекеттік деңгейде архив құжаттарын зерделеп, агенттіктің құрылғаны туралы басты құжатты тауып, 105 жылдық мерейтойға тас-түйін дайындықпен келдік. Тұтас Казинформ тарихын осы датадан бастауға толық негіз бар, — дейді Қаламқас Әбуова.

Сонымен бірге, агенттік ардагері репрессия жылдарындағы жұмыс, әсіресе сауатты мамандардың аздығы туралы да айтты.
— Алматыдағы Президенттік архивтен Аркадий Иванович Вятич-Кириллов атты бас редактордың автобиографиясын тапқаным — зерттеуші ретінде өзіме үлкен жаңалық болды. Ол 1936 жылы КазТАГ-тың бас редакторы қызметіне келіп, 1937 жылы атылып кеткен. Жалпы бір жылда КазТАГ-тың 5 бас редакторы атылып кеткен деп айтылып жүр. Олардың аты-жөнін қазір іздестіріп жатырмын. Меніңше, Казинформда кездейсоқ адамдар қызмет етпейді, қай заманда да ел мүддесін ойлаған, арлы азаматтар жұмыс істеген. Әлі күнге дейін журналистер осы қасиетті ұстанымнан таймай келеді, — дейді Қ. Әбуова.
Оның айтуынша, репрессия мен астық туралы ашық жазу мүмкіндігі болмады, Кеңес үкіметінің орнауы, ұжымдастыру, партия тапсырмалары Орталықтан жіберіліп отырған.
— Мен 1937-1938 жылдардағы КазТАГ-тың бюджетін де қарап шықтым. Ол құжаттар менің қолымда бар. Қаражат өте аз бөлінген, құрғақ тапсырмамен жұмыс істеген, оған қоса сауатты мамандарды табу қиын болған. Архивтен табылған қағаздарды оқу үшін арнайы графолог жалдауға тура келді. Тіпті 1960 жылдары КазТАГ директоры Кеңесбай Үсебаевтың Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновке жазған хаты бар. Онда К. Үсебаев жедел ақпарат таратуға қажетті құралдар мен жетіспеген мамандарды сұраған, — дейді Қ. Әбуова.
Kazinform ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстанның ақпараттық жылнамасын жазып келеді. Ал агенттіктің фотосуреттері халқымыздың ғасырлық тарихын таспалап үлгерген маңызды дерекке айналғалы қашан.

— Алғашқы фотосуреттерде қазақтарды кезіктіру қиын. Өйткені фотографтар өзге ұлт өкілдері болды, қазақ фотографтары 1960 жылдары көбейді. Дегенмен, 1938 жылғы Мәскеудегі қазақ мәдениетінің онкүндігі, Түрксіб теміржолшылары, Атыраудың мұнайы, Қызылорданың балығы, Алматыдағы Медеу мен Көктөбенің салынуы секілді бағалы фотодеректер Казинформның архивінде бар. Әсіресе еңбек адамдарына басымдық беріліп, жиі насихатталғанын білесіздер. Осы суреттерден көрме жасап, көптеген адамға ата-әжелерінің қандай еңбекқор болғанын көрсете аламыз. Біз тек қана бүгінгі күнмен емес, бұрынғы күнді де есімізге салып отыруға тиіспіз — Казинформның өзге құралдардан басты ерекшелігі осында, — дейді Қаламқас Әбуова.
Бедел бір күнде келмейді — Kazinform шынайы ақпарат өлшеміне айналды
Алғашқы жеделхат жібергелі 100 жылдам астам уақытта Kazinform қазақ, орыс, ағылшын, қытай, өзбек тілдерінде және төте жазу қарпінде жедел хабар тарататын замануи платформаға айналып, миллиондаған адам үшін сенімді ақпарат көзі бола алды. Бір айда Kazinform барлық нұсқаларында ақпарат, сұхбат, талдау, шолу жанрларында 10 мыңнан астам ақпарат таратады және 10 миллион шамасында қаралым жинайды. Ал әлеуметтік желілерге шығатын ақпараттар ауқымы әлдеқайда көп. Бұл ретте жіті тексерілмеген хабар агенттік платформасында жарияланбайды. Осының арқасында Kazinform көпшілік үшін шынайы ақпараттың өлшеміне айналды, адамдар деректің дұрыстығына көз жеткізу үшін алдымен осы агенттікке жүгінеді.

— Қазіргі уақытта ақпарат саласында жұмыс істеу бұрынғыдан әлдеқайда қиын дер едім. Себебі бұрын әрбір ақпарат жіті тексеріліп, тек қана айқын хабар тараса, қазір фейктен көз ашу қиын. Осы тұрғыдан қарағанда Kazinform-ға ерекше салмақ түседі. Себебі біздің ешбір тексерілмеген ақпаратты жариялауға құқығымыз жоқ. Кәсіби ортада, бұқара халық арасында да «Kazinform абсолютті шын ақпарат таратады» деген қағида қалыптасқан. Сол артылған сенімді сатуға ешбір хақымыз жоқ. Ақпаратты тез тарату оқырманды көбірек қамтуға көмектесетін шығар. Десе де осы сенімнің, нақты айқын ақпаратты таратуға деген талпыныстың арқасында біздің көрші елдерден бастап, әлемнің алпауыт елдеріне дейін тұрақты, өте ауқымды оқырмандарымыз қалыптасты, — дейді Kazinform агенттігінің басқарушы директор орынбасары — қазақ редакциясының бас редакторы Нағашыбек Алдан.

Оның айтуынша, Kazinform агенттігінің жаһандық медиакеңістіктегі орны жылдан-жылға нығайып келеді. Агенттік контентіне қызығушылық тек Қазақстан аумағымен шектелмейді, АҚШ, Еуропа елдері мен Қытай аудиториясы өте белсенді оқиды.
— Бүгінде Kazinform-ға сілтеме жасап, оның материалдарын тұрақты түрде қолданатын ақпарат құралдары қатарында CNN, BBC, Euronews, сондай-ақ Ресейдің ТАСС агенттігі мен Қытайдың «Жэньминь жибао» сияқты жетекші медиаресурстар бар. Бұл агенттіктің көптілді платформасы мен халықаралық аудиторияға бағытталған жұмысының нәтижесі. Алайда бұл көрсеткіштермен шектеліп қалмаймыз, халықаралық аудиторияны кеңейтуді әрі қарай жалғастырамыз. Қазіргі таңда Қытай мен Орталық Азия бағытында белсенді ақпараттық серіктестіктер орнатып, шетелдегі меншікті тілшілерді арттырып келеміз. Мәтінмен қатар, видеоконтентті көбейтіп, заман талабына, оқырманның ақпарат қабылдау дағдысына сай подкаст түсіруді қолға алдық, конвергентті редакция құрдық, — деп атап өтті Н. Алдан.

Сонымен бірге, жасанды интеллект белсенді дамып жатқан қазіргі кезеңде медиада да түрлі даму сценарийлері болжанады. Сол себепті агенттік жаңа трендтер мен заман ағымына ілесіп отыруға тырысады.
— Kazinform ғасырдан астам тарихын сақтай отырып, жаңа заманауи технологиялар мен ЖИ құралдарын белсенді игеріп келеді. Бірақ біздің миссиямыз бұдан да биік. Біз тек ақпарат тарататын агенттік емеспіз, біз қазақтың алғашқы ақпарат агенттігінің мұрагеріміз. Алдағы жылдары тек ұлттық медиакеңістікте ғана емес, айдай әлем үшін Орталық Азияның басты ақпараттық дереккөзіне айналуды мақсат еттік, — деп сөзін түйіндеді Н. Алдан.
Қазақстан жайлы әлемге хабарлаймыз
Kazinform — елімізде «Халықаралық ақпарат агенттігі» мәртебесін алған алғашқы ұйым, яғни Қазақстан туралы ақпаратты тек ел азаматтарына емес, бүкіл әлемге жеткізетін әмбебап ақпарат көзі. Агенттік шетелдік редакциялармен контент алмасып, Орталық Азиядағы аймақтық жаңалықтарды жаһандық ақпарат ағынымен байланыстырып отырады. Kazinform жарияланымдарын әлемнің жетекші БАҚ-тары мен жаңалық агрегаторлары тұрақты түрде пайдаланып, сілтеме жасайды. Агенттіктің серіктестік желісі мен тілшілер байланысы ондаған елді қамтып отыр.

— Бүгінде меншікті тілшілеріміз әлемнің оннан аса елі мен өңірінде жұмыс істеп жатыр. Олар — көрші мемлекеттер, орталық және Шығыс Азия, Оңтүстік Кавказ, Таяу Шығыс, АҚШ және Еуропа елдері. Соның арқасында агенттік әлемде болып жатқан маңызды жаңалықтар жайлы нақтыланған деректерді оқиға орнынан беріп жатыр. Мәселен, Таяу Шығыстағы ахуал ушығып, Газа секторында қақтығыс басталғанда меншікті тілшіміз бірден хабар таратуға кірісіп, күнде кешке шолу жасап отырды. Бұдан бөлек Kazinform әлемнің 40-тан аса ірі бұқаралық ақпарат құралымен, институттарымен серіктестік туралы меморандумға қол қойған. Олардың қатарында Синьхуа, Анадолу, ТАСС, әл-Жазира секілді ірі жетекші құралдар бар. Осы арқылы агенттіктің материалдары халықаралық медиакеңістікте кеңінен тарап жатыр және мамандарымызды серіктес ұйымдарға тағылымдамаға жіберіп, біліктілігін көтере аламыз, — дейді агенттіктің Халықаралық жаңалықтар қызметінің жетекшісі Жұлдыз Атагелдиева.
Агенттіктің 105 үздік фотосы көрмеге қойылады
Осыдан бес жыл бұрын Kazinform агенттігінің 100 жылдық мерейтойы пандемиямен тұспа-тұс келіп, көптеген жоспар орындалмай қалған еді. Сондықтан 105 жылдыққа ерекше назар мен ерекше ынта қойылып отыр. Мерейтойлық іс-шаралар тұтас жыл бойы ұйымдастырылады.
— Биыл мерейтойға дайындық жұмыстарын ертерек бастадық. Осы жұмыстар негізінде Kazinform-ның жоғалған фотоархиві қалпына келтірілді. 105 жылда агенттікте көптеген әйгілі фотографтар жұмыс істеген. Алайда көшіп-қону, архивке салғырт қараған шақтар немесе басқа белгісіз жағдайларға байланысты фотолардың басым бөлігі жоғалып кеткен. Сол үшін біз арнайы комиссия құрып, архивтерден және фототілшілердің ұрпақтарымен кездесіп-жолығу арқылы үлкен фотобаза жинақтадық және бірнеше фотокөрме ұйымдастыруға бел будық. Оның алғашқысын Жеңістің 80 жылдығына орай өткіздік. Енді Алматы және Астана қаласында екі үлкен фотокөрме өткіземіз және ең маңыздысы — ең таңдаулы 105 фотосуретті іріктеп көрсететін көрме болмақ, — деді қазақ редакциясының бас редакторы Нағашыбек Алдан.
Мұндағы мәселе мерекені аста-төк сән-салтанатпен тойлау емес, терең тарихымызды түсініп, ой елегінен өткізу, дейді бас редактор. Екіншіден, Kazinform-ды іргетасы қалыптасқан әлемге әйгілі ақпарат агенттіктерінің қатарына қосу да маңызды. Оған қазіргі ашықтық заманында, Қазақстанның әлемдегі жалпы позитивті имиджінің арқасында мүмкіндік мол.
— Оған қоса, Kazinform-ның қоғамға берері болсын деп, арнайы кітап басып шығаруды жоспарлап отырмыз. Кітапта редакция жұмысын ұйымдастыру, жаңалық жазу, зерттеу жүргізу, сараптама әзірлеу сияқты көптеген ішкі мәселелерді талқылаймыз, агенттік тәжірибесінен мысалдар келтіреміз. Ол кітаптарды Қазақстандағы Журналистика факультеті бар университеттерге тарату жоспарланған. Менің ойымша, бұл нұсқаулық бірнеше буынның үстелінде тұратын кітап болады деп ойлаймыз. Әрбір тақырыптың, әр суреттің, әр кадрдың артында өз ісіне шын берілген, мамандығын сүйетін адамдар тұр. 105 жылдық тарих, жүздеген мың оқиға, миллиондаған оқырман және алда талай хикая бар, — дейді бас редактор.
Айта кетейік, агенттік тарихы туралы арнайы материалдан оқуға болад: Қазақстан жылнамасының жаршысы Kazinform агенттігіне — 105 жыл.
Сонымен бірге, қазақ редакциясының 1997-2011 жылдар аралығындағы бас редакторы, белгілі жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарылқап Бейсенбайұлының сұхбаты жарық көрді.