13:23, 01 Шілде 2016 | GMT +5
Теміртауда қаскөйлер ойыншық тапаншамен дүкен тонады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Теміртау қаласында тонау фактілеріне қатысы бар деген күдікпен екі ер адам ұсталды, деп хабарлады Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

«Теміртау қаласында қалалық ІІБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізген кезде 27 және 28 жастағы екі жергілікті тұрғынды ұстады. Ұсталғандар 25 маусымда қаладағы дүкендердің біріне қарақшылық шабуыл жасағанын мойындады. Сатушы мен күзетшіні ойыншық тапаншамен қорқытқан олар 130 мың теңге көлемінде ақша жымқырды», - делінген хабарламада.
Полиция ақпаратынша, ұсталғандар Теміртауда осы сияқты жеті қылмыс жасағанын мойындады.
«Барлық факті бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды», - деп қосты ІІД баспасөз қызметінде.