Теміртауда VIII Президенттік олимпиада басталды (ФОТО)

Айта кетейік, Президенттік олимпиада 2008 жылдан бері Мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіледі. Білім додасына еліміздің барлық аймақтарынан 11 сынып оқушылары қатысуда. Шараның басты мақсаты - оқушылардың жаратылыстану-математика пәндеріне деген қызығушылықтарын арттыру, дарынды оқушылардың жетекші отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуын жалғастыру үшін үздіксіз білім беру идеясын жүзеге асыру. Олимпиаданың ашылу салтанаты Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті базасында өтті. Оның бағдарламасында қатысушылардың металлургиялық шаһардың көрнекті жерлерін аралауы, ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығына баруы қарастырылған. Президенттік олимпиаданың ҚР БҒМ І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталған жеңімпаздары мен жүлдегерлері еліміздегі жоғары оқу орындардын білім гранттарын алу байқауына қатыса алады. Шараның жабылу салтанаты және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау 26 қараша күні Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің акт залында өтеді.