Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқу театры ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында күрделі жөндеуден өткен оқу театрының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Салтанатты лента қию рәсіміне Академия ректоры Арман Жүдебаев, меценат Мұрат Әділханов және зиялы қауым өкілдері мен өнер қайраткерлері қатысты.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, Академияның белгілі әншілері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Айта кету керек, биыл сәуір айында қабылданған Академия мен «FalconEuroBus» компаниясы арасындағы маңызды келісім аясында жаңа бірлескен жобалар мен бастамалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі бірнеше буын өнерпаздарын дайындап шығарған шеберхана — оқу театры. Бұл сахна әлі де талай кәсіби шеберлерді тәрбиелеп, ұлттық өнердің дамуына үлес қосары анық.
Айта кетейік, Қазақстандағы театрлардың 79,7%-ы мемлекет меншігінде.