Теміртаулық «Qarmet» Jastar Hokei Ligasy-ның финалына шықты
ТЕМІРТАУ. KAZINFORM – 2025/2026 жылғы маусым «Qarmet» жастар хоккей клубы үшін шын мәнінде ерекше болды. Теміртаулық команда жарқын, ерекше әрі нәтижелі ойын көрсетіп, қуатты шабуылды сенімді қорғаныспен ұштастыра білді және тұрақты чемпионаттағы жеңістен бастап тарихи финалға дейінгі жолды нық қадаммен жүріп өтті.
Тұрақты маусымды «Qarmet» турнирлік кестеде бірінші орынмен аяқтап, чемпионат жеңімпазы болды. 48 матчта команда 87 ұпай жинап, әсерлі нәтижелілік көрсетті – қарсыластар қақпасына 280 шайба соғып, өз қақпасына небәрі 75 шайба жіберді. Чемпионаттағы ең есте қаларлық кездесулердің бірі – елордалық «Барысты» 5:4 есебімен жеңген матч болды. Сол ойында теміртаулықтар қарсыластың 27 матчқа созылған жеңісті сериясын тоқтатып, көшбасшылықты қайта иеленіп, маусым соңына дейін сақтап қалды.
Тұрақты біріншіліктің үздік бомбардирі Никита Рублёв пен қақпашы Алексей Зюзин чемпионат барысында команданың негізгі көшбасшылары ретінде танылды. Зюзин ойынның ең қиын сәттерінде бірнеше рет әріптестерін құтқарып, сенімді ойынымен көзге түсті.

Плей-офф кезеңіне «Qarmet» бірінші орыннан шығып, кубок үшін күресті турнирдің бірінші нөмірлі командасы ретінде бастады. Ширек финалда теміртаулық клубтың қарсыласы өткен маусымның чемпионы – «Астана» жастар хоккей клубы болды. Максим Худяков шәкірттері сенімді серия өткізіп, үш айқын жеңіске қол жеткізді – 6:0, 7:3 және 3:0. Нәтижесінде кездесу 3:1 есебімен аяқталды.
Жартылай финалда теміртаулықтар «Алматы» ЖХК-нан да басым түсті. «Qarmet» серияны құрғақ есеппен – 4:0 нәтижесімен аяқтады. Теміртауда өткен алғашқы екі матчты алаң иелері 3:0 есебімен жеңіспен аяқтап, соңғы шепте Алексей Зюзиннің сенімді ойыны көзге түсті. Алматыда өткен үшінші кездесуде теміртаулық команда қарсыласын айқын басымдықпен 7:2 есебімен жеңді.

7 наурызда өткен шешуші ойын осы плей-оффтағы ең тартысты кездесулердің біріне айналды. Негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталды. Командалар ойынды овертаймда жалғастырып, жеңімпаз тек екінші қосымша кезеңде анықталды. Матчтың 98 минут 51 секундында команда капитаны Никита Рублёв шешуші шайбаны соғып, «Qarmet»-ке 3:2 есебімен жеңіс сыйлады.
– Менің ойымша, жартылай финалда әлсіз команда болмайды. Бізге мықты, жақсы дайындалған қарсылас кездесті – төзімді, физикалық тұрғыдан қуатты ұжым. Бүгін олардың қарсылығын еңсеру оңай болған жоқ. Дегенмен біз әлі де ойынымызды күшейте алатынымызды сезіп отырмыз. Енді біз финалдамыз және чемпиондық үшін күресеміз, - деді «Qarmet» жастар командасының бас бапкері Максим Худяков.
Плей-оффтың екі кезеңінің қорытындысы бойынша теміртаулықтар турнирдегі ең сенімді командалардың бірі ретінде танылды. Сегіз матчта «Qarmet» қақпасына небәрі 9 шайба өткізіп алды, ал қақпашы Алексей Зюзин төрт ойында қақпасын «құрғақ» ұстап, соққылардың 95 пайыздан астамын қайтарды.

Финалда теміртаулық клуб елордалық «Барыспен» кім мықтыны анықтайды. Тұрақты чемпионатта командалар 4 рет кездесіп, әрқайсысы екі жеңістен еншілеген. Сондықтан алдағы финалдық текетірес аса тартысты әрі көрермендер үшін әсерлі болмақ. Теміртау жанкүйерлері шешуші ойындарды тағатсыздана күтіп, «Qarmet» өз тарихындағы ең табысты маусымдардың бірін лайықты түрде аяқтайды деп сенеді.