Tengri Camp: Қазақ киіз үйі әлем сахнасында

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемге әйгілі Burning Man фестивалінде Қазақстан алғаш рет ерекше үлгіде таныстырылды. Асхат Мұрат бастаған қазақстандық энтузиастар Tengri Camp деп аталатын этно-лагерь құрып, ұлттық мәдениетімізді әлемге көрсетті.

Tengri Camp: Қазақ киіз үйі әлем сахнасында
Фото: tengri_camp Instagram парақшасы

– Өткен жылы АҚШ-қа оқуға барып қайттым. Сол кезде менің барлық профессорларым Burning Man фестивалі туралы айтты. Ол фестивальға қатысып та көрдім. Өте қызық шара. Ондағы атмосфераны көргеннен кейін біздің қазақстандық талантты жастардың басын қосып, ұлттық идеямен фестивальға бара аламыз деген шешімге келдім, – дейді Tengri Camp жобасының авторы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Tengri Camp: Қазақ киіз үйі әлем сахнасында
Фото: denizreno Instagram парақшасы

Асхат Мұрат бұл шараға қатысу үшін 1 жыл бойы дайындалғандарын айтады. 

– Фестивальға қатысу үшін 1 жыл бойы дайындалдық. Ең бірінші адам жинау керек. Ол арзан жұмыс емес. Оған кез келген адам бара алмайды. Себебі, қаржылық шығындар, ауа райының қолайсыздықтары бар. Елімізден киіз үй апарып тігу де оңай болған жоқ. Әкімдік пен министрліктерден көптеген құжаттарды жинадық. Кеден, логистика мәселелері бар. Әуелі Талғардан Қытайға теміржол арқылы апардық. Кейін теңізбен Лос-Анджелеске жеткіздік. Сосын межелі орынға автокөлікпен тасыдық, – дейді ол.

 Tengri Camp: Қазақ киіз үйі әлем сахнасында
Фото: tengri_camp Instagram парақшасы

Осынша қиындықпен жеткізілген киіз үйді қолайсыз ауа райында құрастыру да оңайға соқпапты.

– Киіз үйді құру кезінде 3 рет боран соқты. Ең бірінші боран соққанда біз киіз үйдің қаңқасын құрып үлгермей қалдық. Команда сол кезде киіз үйді 3 сағат бойы қолмен ұстап, тіреп тұрды. Екінші күні бәрін толықтай бітіріп үлгердік. Ең қатты боран соққан кезде өзге шатырлардың бәрі ұшып кетті. Тек біздің киіз үйіміз ғана сол қалпы тұрды. Сол кезде адамдардың бәрі не істерін білмей, біздің киіз үйімізге келді. Біз оларды тамақтандырып, жылытып, қолымыздағының бәрін бердік. Келесі күні бәрі бізге алғысын жаудырды. Киіз үйді АҚШ-тан табу мүмкін болмады. Жалпы тарихта алғаш рет АҚШ-та осындай үлкен киіз үй тігіліп тұр, – дейді студия қонағы.

Tengri Camp: Қазақ киіз үйі әлем сахнасында
Фото: tengri_camp Instagram парақшасы

Жоба авторының айтуынша, Tengri Camp Қазақстанға мыңдаған турист тартуға сеп болған.

– Ондағы келушілердің әсерін көру де қызық. Әрбір адам осындай қонақжайлықты көріп: «Біз енді Қазақстанға барамыз» деп айтты. Ал елге турист тарту – біздің ең бірінші мақсатымыз. Осы Tengri Camp арқылы біз Қазақстан туралы мыңдаған жарнаманы жасай алдық деп ойлаймын, – дейді Асхат Мұрат.

Tengri Camp: Қазақ киіз үйі әлем сахнасында
Фото: tengri_camp Instagram парақшасы

Айта кетейік, бірер кім бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласындағы түйткілді мәселелерге назар аударған еді.

Соңғы жаңалықтар