«Теңіз» мұнай кешенінде жұмыс істейтін ақтөбеліктер өңірге оралады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Теңіз» мұнай кешенінде 1800 ақтөбелік жұмыс істейді. Олар үш кезеңмен өңірге жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Теңіз» мұнай кешенінде жұмыс істейтін ақтөбеліктер өңірге оралады

«Қазір облыс әкімдігі ақтөбелік жұмысшыларды жеткізу, оларды орналастыруды жоспарлап жатыр. Бәрін бірден әкеліп, карантиндік госпитальге жатқызу қиын. Өйткені қазір өзге өңірлерден келіп жатқан адамдар да бар. Арасында коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдармен байланыста болғандар да бар. Бәрін ескеріп, жұмысшыларды үшке бөліп әкелу жоспарланды. Алғашқы тобы 21 сәуір күні келеді. Олардың барлығы карантиндік госпитальде болады. Оқшауланады, жедел тест тапсырады. Дерт анықталмаса аудан тұрғындары екі күннен соң үйіне жіберіледі», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, қазір Ақтөбе облысының өзінде вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің ауысымы тоқтады. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, барлық кен орындарының басшыларына қаңтар айында ескерту беріліп, алдын ала резерьвке арналған қалашық дайындауды тапсырған.

«Кәсіпорын басшылары ескертуге селсоқ қарағандықтан қазір осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Өңірде барлығы 27 адам індетке шалдыққаны белгілі. Демек қауіп бар. Сондықтан вахталық ауысымға рұқсат беру мәселесі енді қаралады. Жұмысқа кірісетіндердің бәрі жедел тест тапсырады. Індет анықталмаса, жұмысқа барады», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Облыслық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев те вахталық ауысымды рұқсат беру өте қиын жұмыс екенін айтты.

«Тек Ақтөбе облысы емес, өзге өңірден де адамдар жұмысқа келетінін ескерген жөн. Барынша қауіпсіз әдісті қолданамыз», - деді ол.