Теннис: Денис Евсеев елорда турнирінің жартылай финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев «Дәулет» теннис орталығында өтіп жатқан ITF World Tennis Tour турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Денис Евсеев ширек финалда Беларусь өкілі Иван Лютаревичпен кездесті.

Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Д.Евсеев финалға шығу үшін чехиялық Давид Полякпен таласады.

Тағы бір қазақстандық, Ақтау қаласының түлегі Бейбіт Жукаев ширек финалда әлемнің 273-інші, осы доданың 1-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловскиймен күш сынасты.

Бірінші партияда брейк жасаған Бейбіт басымдылық танытты – 6:3. Екінші партия барысында қарсыластар брейк алмасты. Дегенмен 12-геймде Е.Карловский тағы бір брейк жасап кетті – 7:5. Ол шешуші, үшінші сетте де ойын тізгінін уысынан шығарған жоқ – 6:3.

Б.Жукаев жартылай финалға шыға алмағанымен, мүмкіндігінің мол екендігін көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елорда турнирінде Жібек Құламбаеваның жартылай финалға шыға алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар