Теннис: Дмитрий Попко Шымкент турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко Шымкент челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 606-орында тұрған Д.Попко алғашқы айналымда әлемнің 400-ракеткасы, финляндиялық Эмиль Руусувуоримен кездесті.

Қазақстандық спортшы бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта қарсыласын 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Д.Попко екінші айналымда осы жарыстың 15-інші, әлемнің 362-ракеткасы, бразилиялық Тьяго Сейбот Уилдпен кортқа шығады.

Тағы бір қазақстандық Андрей Голубев екінші айналымда әлемнің 190-ракеткасы, аустриялық Юрий Родионовтан 4:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.

Сондай-ақ отандасымыз Тимур Хабибуллин әлемнің 521-ракеткасы, ресейлік Константин Кравчукқа аса тартысты матчта 3:6, 7:6 (7:3), 6:7 (5:7) есебімен есе жіберді. Сол секілді рейтингте 312-орында тұрған Денис Евсеев тағы бір ресейлік, әлемнің 570-ракеткасы Александр Журбиннен 5:7, 0:6 есебімен ұтылды. Ал Григорий Ломакин рейтингте 505-сатыдағы Израиль елінің өкілі Эдан Лешемнен 5:7, 6:7 (2:7) есебімен жеңіліс тапты.

Турнирде Д.Попкодан басқа Қазақстаннан осы доданың бесінші, әлемнің 209-ракеткасы Александр Недовесов пен Тимофей Скатов қалды. Олар екінші айналымда өзара кездесіп, біреуі жарыс жолын жалғастырады.

Шымкент турнирі 12 мамырда мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ-тағы турнирдің жеңімпазы атанғанын, Андрей Голубев пен Тимофей Скатовтың Шымкенттегі жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Әйелдер арасында Мадрид турнирін жеңіспен бастаған Юлия Путинцева үшінші айналымға шықты.

Ю.Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен таласады.

Ал Зарина Дияс Жапониядағы Гифу ITF жарысының жеңімпазы атанып, үздік 100 теннисшінің қатарына енді.

З.Дияс енді Жапонияда Фукуока ITF турниріне қатысады. Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Зарина алғашқы айналымда рейтингте 346-сатыда тұрған тағы бір аустралиялық Элисон Баймен ойнайды.

Соңғы жаңалықтар