Теннис: Путинцева Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда венгриялық, дүниежүзілік рейтингте 102-орында тұрған Тимея Бабошпен күш сынасты.

Ю.Путинцева қарсыласын екі партияда 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Ол матч барысында алты брейк, үш эйске қол жеткізді. Венгриялық спортшы екі мәрте брейк жасай алды.

Қазақстандық теннисшінің басымдылығымен өткен бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, германиялық Анжелика Кербермен шеберлік байқасады.

Жарысқа іріктеу сайыстары арқылы қосылған тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 94-ракеткасы Зарина Дияс бірінші айналымда рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған, турнирге лаки лузер ретінде арнайы шақырту алған америкалық Джессика Пегуламен кездеседі.

Жүлде қоры 8,4 млн АҚШ долларына жуықтайтын Индиан-Уэллс турнирі 17 наурызда мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.

Ерлер арасындағы осы жарыста Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Михаил Кукушкин іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, рейтингте 113-сатыда тұрған сербиялық Филип Крайиновичпен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Индиан-Уэллс турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастап, негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Ал Франциядағы турнирдің жеңімпазы атанған Александр Бублик рейтинте бірден 19 сатыға жоғарылады.

Соңғы жаңалықтар