Теннисші Андрей Голубев Рим мастерс турнирін сәтті бастады

Андрей Голубев аргентиналық Максимо Гонсалеспен бірге бастапқы кездесуін жарыстың 4-ракеткалары, аустралиялық Джон Пирс – словакиялық Филип Полашекпен өткізді.
Бірінші партияда аустралиялық-словакиялық жұп басым түсті – 6:3.
Екіншісінде Голубев пен Гонсалес есе қайырды – 6:3. Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:8.
Сағат жарымға созылған матчта қазақстандық-аргентиналық жұп 9 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыластары 5 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
А. Голубев пен М. Гонсалестің жүлде қоры 5,4 млн еуродан асатын доданың екінші айналымында аустралиялықтар Мэттью Эбден – Макс Перселл немесе грузиялық Николоз Басилашвили – тағы бір қазақстандық Александр Бублик жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Рим турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.