Теннисші Жібек Құламбаева Шымкент турнирінің жеңімпазы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жібек Құламбаева жұптық сында Шымкент ITF турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Жібек Құламбаева нидерландылық Джудит Виссхермен бірге финалда қазақстандықтар Жанель Рүстемова – Аружан Сағындықовамен бірге бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партия тартысты өрбіп, тай-брейкте Жібек пен Джудит сәтті ойнады – 7:6 (7:4).

Екінші партияда олардың басымдылығы айқын сезілді – 6:1.

Осылайша, Жібек Құламбаева Шымкентте екінші рет қатарынан жұптық сында үздік шықты. Өткен аптада ресейлік Анастасия Сухотинамен бірге чемпион атанған еді.

Жібек жекелей сында да табысты өнер көрсетіп келеді. Бүгін ол Анастасия Сухотинаны 6:2, 4:6, 6:1 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Ертең соңғы бәсекеде тағы бір ресейлік Татьяна Барковамен сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Шымкент турнирінің финалына шыққанын, жасөспірімдер құрамасының тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар