Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері іріктеу турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, бүгін қазақстандық қыздар Иран командасымен шеберлік байқасты.
Күннің желді болғанына қарамастан, қазақстандықтар қолайсыз ауа райына тез бейімделді.
Алдымен Анастасия Крымкова бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесуде Атфи Нитиден айласын асырды – 6:3, 6:3.
Ариана Гогулина дәл сондай есеппен Ясаман Язданидің меселін қайырды – 6:3, 6:3.
Үшінші ойында А.Крымкова Полина Слепцовамен бірге жұптық сында Қазақстан құрамасына үшінші ұпайды алып берді – 6:4, 6:1.

Осылайша, қазақстандықтар мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алды. 3 мамыр күні Ярослава Шведованың шәкірттері Жапониямен ойнайды. Жапония да күні бүрын ширек финалға шықты. Сондықтан бұл бәсекеде В тобында кімнің бірінші орынмен ширек финалға шығатыны шешіледі.
Ширек финал жеребесі 3 мамыр күні кешкісін тартылады. Әлем чемпионатына Азия – Тынық мұхит аймағынан тек үш команда жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.