Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында екінші рет финалдық кезеңге шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогы (командалық әлем чемпионаты) Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінде финалдық кезеңге өткен алғашқы құрама анықталды.

Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында екінші рет финалдық кезеңге шықты
Фото: ҚТФ

Қазақстан құрамасы ширек финалда Үндістаннан айласын асырды.

Екі сағатқа созылған бірінші ойында Еркежан Жаңатаева камбэк жасап, Мундхе Арунды тізе бүктірді – 6:7 (3:7), 6:4, 6:3. 

Ал Ева Корышева Аахан Ааханға еш мүмкіндік берген жоқ – 6:1, 6:1.

Осылайша, Қазақстан қыздар құрамасы қараша айында Чилиде өтетін финалдық кезеңге мерзімінен бұрын жолдама алды. 

Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында екінші рет финалдық кезеңге шықты
Фото: ҚТФ

Бұдан бұрын 2023 жылы қазақстандық жасөспірім қыздар Испанияның Севилья қаласында өткен финалдық турнирде 9-орынға ие болған еді.

Жартылай финалда Ярослава Шведованың шәкірттері 16 мамырда Корея немесе Қытайлық Тайбэй командасының қай жеңгенімен кездеседі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының іріктеу турнирінде ширек финалға өткенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар